Петропавлда сот әйелдің зейнетақы төлемдерін толық есептеу құқығын қорғады: бірнеше жыл бойы міндетті зейнетақы жарналарының ай сайын аударылғаны анықталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Солтүстік Қазақстан облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Петропавл қаласының №2 соты міндетті зейнетақы жарналарының аударылғанын анықтау туралы азаматтық істі қарады.
Өтініш беруші зейнеткерлік жасқа жеткен, алайда зейнетақы төлемін тағайындау кезінде оның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңі толық есепке алынбаған.
Сот отырысы барысында әйелдің 2008 жылғы ақпаннан 2024 жылғы желтоқсанға дейін жеке кәсіпкерде жұмыс істегені анықталды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметтері бойынша, жұмыс беруші зейнетақы жарналарын төлеген, бірақ оларды уақтылы аудармаған — тоқсан сайын бір рет аударған, бұл сол кездегі заңнамада рұқсат етілген. Осыған байланысты тиісті кезең зейнетақы төлемдерін есептеу кезінде толық есепке алынбаған.
Өтініш берушінің шотына зейнетақы жарналарының түскені Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алынған үзіндімен расталды. Сонымен қатар, сот отырысында жауап берген куәгерлер жалақыдан жарналардың ай сайын ұсталғанын және жұмыс берушінің оларды уақтылы аудармағанын растады.
Ұсынылған дәлелдерді жиынтықта бағалай отырып, сот даулы кезеңдегі міндетті зейнетақы жарналарының іс жүзінде аударылғанын, ал олардың уақтылы түспеуі өтініш берушінің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңін есепке алуға әсер еткенін анықтады.
Сот өтінішті қанағаттандырып, 2008 жылғы 1 ақпаннан 2014 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңде міндетті зейнетақы жарналарының ай сайын аударылғанын анықтады.
Сот шешімі заңды күшіне енді.


