Оңтүстік Африкада пілдердің егін алқаптарына шабуыл жасау қаупі жоғары аймақтар 2085 жылға қарай 33–100 пайызға ұлғаяды. Себебі ретінде адамның әрекеті мен қуаңшылық аталады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
SciTechDaily жазуынша, Оңтүстік Африкада 290 мыңнан астам саванна пілі мекендейді — бұл құрлықтағы барлық популяцияның шамамен 70 пайызы. Зерттеуші Эван Патрик әріптестерімен бірге 2004–2020 жылдар аралығында Намибиядағы егін алқаптарына жануарлардың шабуыл жасауы туралы деректерді талдады. Содан кейін ғалымдар Ботсвананың солтүстігіндегі, сондай-ақ Ангола мен Замбияның жекелеген аудандарындағы қауіпті бағалау үшін машиналық оқыту алгоритмдерін қолданды.
Мәселенің шиеленісуінің басты себебі ретінде егін алқаптары мен елді мекендердің пілдердің табиғи мекені есебінен кеңеюі аталды. Қорықтардағы қуаңшылықтан туындаған ресурс тапшылығы да жануарларды қорек іздеп егін алқаптарына шығуға мәжбүрлейді. Жаңбырлы маусымда мұндай оқиғалардың саны қуаң айлармен салыстырғанда он есе көп болған. Зерттеушілер ең осал аймақтар қатарына Намибиядағы Этоша ұлттық паркінің солтүстігіндегі жерлер мен Ботсванадағы Окаванго атырауының маңын жатқызды.
Математикалық модельдеу 2085 жылға дейінгі кез келген даму болжамында қақтығыстар санының сөзсіз өсетінін көрсетті. Ең пессимистік сценарий бойынша жаңбырлы маусымда шабуылдар жиілігі экологиялық тұрақты жолмен салыстырғанда екі есе артады. Жұмыс авторлары дағдарыстың шешуші факторы адамның жабайы жерлерді агрессивті игеруі болатынын, ал климаттың өзгеруінің рөлі анағұрлым аз болатынын атап өтті.


