Қазақстанда жолды белгіленбеген жерден кесіп өтетін жаяу жүргіншілерге жауапкершілік қатаңдатылуы мүмкін. Осындай бастаманы үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов көтерді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Үкімет басшысының айтуынша, жаяу жүргіншілер қатысқан оқиғалардың басым көпшілігінде кінә жаяу жүргіншілердің өзінде. «Көшелерді белгіленбеген жерден кесіп өтетін адамдарға қатысты жазаны қатаңдату керек», — деді ол.

Сонымен қатар премьер-министр реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдерінде де көптеген факті тіркелетінін, онда кінә жүргізушілерде екенін атап өтті. Осыған байланысты ол бірқатар тапсырма берді.

Әкімдіктерге жаяу жүргіншілер өткелдерінде бейнебақылау жүйелерін орнатуды кеңейту, сондай-ақ әсіресе оқу орындарының маңында кері санақ таблосы бар заманауи бағдаршамдарды орнатуды қамтамасыз ету тапсырылды. Ішкі істер министрлігі шетелдік елдердің көшелерді апатқа қарсы дизайн элементтерімен жабдықтау тәжірибесін зерделеуі керек.

Олжас Бектенов жүргізушілердің ұялы телефон қолдануынан болатын апаттарға жеке тоқталды. «Жолдардағы барлық автоматтандырылған жүйелер рульде телефон қолдану фактілерін барынша анықтауға бапталуы тиіс. Жалпы ІІМ әкімдіктермен бірлесіп, орнатылған барлық камералардың жұмыс қабілетін тексеруден өткізуі керек», — деп қосты премьер.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі биылғы жылдың басынан бері Қазақстан полицейлері жол қозғалысы ережелерінің 226 мыңнан астам бұзушылығын анықтағанын, ал мамандандырылған тұрақтарға 46 мыңнан астам көлік құралы қойылғанын хабарлаған. Сонымен қатар ІІМ жолдардағы қандай бұзушылықтардың дрондар арқылы анықталатынын айтқан.