Ханзада Гарри Чадтан Зимбабвеге дейінгі 13 елдегі билік органдарымен бірлесіп қорғалатын аумақтарды басқаратын коммерциялық емес ұйым — Африкалық парктер басқармасынан кететінін жариялады. Бұл туралы оның өкілі дүйсенбіде растады.
Өткен аптада Гарри отбасымен бірге Ұлыбританияға қоныс аударатынын мәлімдеген еді. Оның басқармадан кетуі ұйымдағы «басқаруды жаңарту» аясында жүзеге асып отыр. Осыған орай басқарма құрамына Кения Жоғарғы сотының судьясы және Африкадағы шағын фермерлерге көмектесетін AGRA президенті қосылады. Өзгерістер 30 қыркүйектен бастап күшіне енеді.
Гарридің кетуі — жергілікті халықтың құқығын қорғайтын Survival International ұйымы оны Африкалық парктер жалдаған рейнджерлердің адам құқықтарын бұзғанын алға тартып, отставкаға кетуге шақырғанына төрт ай толғанда болып отыр. Бұған дейін ханзада 2025 жылдың наурызында Оңтүстік Африкадағы кедейлік пен ЖИТС-ке қарсы күресу үшін негізін қалаған Sentebale қайырымдылық ұйымынан кеткен болатын.
«Біз табиғатты қорғау миссиямызды қолдау үшін уақытын ықыласпен арнаған барлық басқарма мүшелеріне — әсіресе, Африкалық парктерге он жыл адал қызмет еткен Сассекс герцогіне алғысымызды білдіреміз», — деді Африкалық парктер басқармасының төрағасы Вас Нарасимхан.
Гарри мен оның жұбайы Меган АҚШ-қа көшкен кезде корольдік міндеттерінен бас тартқан еді. Олар корольдік міндеттерге қайтып оралмайды және Лондоннан тыс жердегі корольдік емес резиденцияда тұрады деп күтілуде.


