Таразда жеке сот орындаушысы борышкерлерден түскен ақшаның бір бөлігін иемденіп, жеке мақсатына жұмсаған. Үш жәбірленушіге келтірілген жалпы залал 1 миллион теңгеден асты, деп хабарлайды infohub.kz.

Тараз қаласының №2 сотының анықтауынша, жеке сот орындаушысы бірнеше эпизод бойынша өндіріп алушыларға тиесілі ақшаны ұстап қалған. Оның кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтары, заттай дәлелдемелер және қылмыстық істің басқа материалдарымен дәлелденген. Сот отырысында ер адам кінәсін толық мойындап, келтірілген залалды өтегенін айтып, жеңілірек жаза тағайындауды сұраған. Жәбірленушілер өтемақы алған соң қатаң жаза талап етпеген.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға амнистия заңын қолдана отырып, екі жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұраған. Сот үкімімен С. Қылмыстық кодекстің 251-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы кесілді. Амнистия заңы қолданылып, сотталушы негізгі жазаны өтеуден босатылды, — деп мәлімдеді сот. Сот кінәні мойындау, залалды толық өтеу және сотталушының кәмелетке толмаған балаларының болуын ескерген. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Үкім заңды күшіне енген.

Бұған дейін Қазақстанда жеке сот орындаушыларының қызметін бақылау күшейтілгені хабарланған болатын. Олар үшін міндетті аттестаттау енгізіліп, әділет органдары мен жеке сот орындаушылары палатасы тексеру кезінде банк үзінділерін сұрату құқығына ие болды. Аттестаттаудан өтпеген жағдайда лицензиядан айырылуы мүмкін.