Қозғалыстың жетіспеуі ішек моторикасын баяулатып, нәтижесінде дәрет сиреп, қатаяды. Дәрігер-проктолог Диана Икласова тағам рационын түзетумен шектелмей, тұрақты дене жүктемесін қосуды ұсынады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Көп отырып, аз қозғалсақ, ішек моторикасы баяулап, дәрет сиреп, қатаяды. Күн сайын спортзалда бір сағат жаттығу міндетті емес. Қарапайым жүру, жүгіру, жүзу немесе кез келген басқа дене белсенділігі үнемі отырудан әлдеқайда жақсы», — дейді ол.
Дәрігер ішек жұмысын реттеу үшін кешенді тәсіл қажет екенін атап өтті. Яғни мәселе тек тағам мен су ішу режимінде емес, адамның дене белсенділігінде де.
Алайда іш қату жиілей бастаса, себебін анықтау маңызды, тек іш жүргізетін дәрілерді үнемі іше беру дұрыс емес. Мұндайда маманға жүгінген жөн.
Сорпаны күн сайын ішу міндетті емес
Икласова ішек жұмысы үшін қалыпты деп саналатын бірнеше жағдайды мысалға келтірді. Атап айтқанда, нәжіс жұмсақ әрі мазасыздық болмаса, екі-үш күнде бір рет үлкен дәретке бару қалыпты екенін айтты.
Сондай-ақ сорпаны күн сайын ішпеу, күнделікті 2–3 литр емес, одан аз су ішу, әр таң сайын бір уақытта дәретке отырмау да қалыпты деп есептеледі.
Сонымен қатар проктолог ашқарынға кофе ішуге болатынын, егер одан кейін өзіңізді жақсы сезінсеңіз, ешқандай қиындық жоқ екенін атап өтті.
Соңына дейін шыдайды
Дәрігердің айтуынша, ең бастысы — мазасыздық, белгілі бір симптомдар немесе ауырсыну пайда болса, міндетті түрде маманға қаралу керек.
«Проктолог болған соң бір нәрсені түсіндім: адамдар соңына дейін шыдайды. Бұл — бекер. «Өзінен-өзі кетеді» деп күтеді, мазасыздыққа үйреніп, симптомдарды жылдар бойы елемейді. Ал бұл салада бәрі өте қарапайым: ерте келсең, шешімі де оңай. Дәрігер ретінде шынымды айтсам, ең жиі кездесетін қате — ауру емес, дәрігерге баруды кейінге қалдыру», — деді ол.
Бұған дейін «Курсив» стресс пен ішек мәселелері арасындағы байланысты ғалымдар дәлелдегенін жазған.


