Абай облысының прокуратурасы ірі мыс өндіруші KAZ Minerals Aktogay компаниясын әкімшілік жауапкершілікке тартуды заңсыз деп танып, оны жойды. Оның орнына экология департаментінің лауазымды тұлғасы жазаланды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Абай облысында прокуратура инвестордың құқығын қорғап, KAZ Minerals Aktogay компаниясын әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тартуды жойды. Облыстық табиғатты қорғау прокуратурасы экология департаменті компанияға қатысты әкімшілік істі заңда көзделген тексеру жүргізбей және мемлекеттік бақылаудың белгіленген тәртібін бұзып қозғағанын анықтады», – делінген қадағалау органының жариялаған хабарламасында.
Компания төлеуге тиіс айыппұл мөлшері нақтыланбаған. Сонымен қатар сот экология департаменті басшысының орынбасарын жауапкершілікке тартты.
«Бұдан бөлек, сот экологиялық реттеу және бақылау комитетіне анықталған бұзушылықтарды жою туралы жеке қаулы шығарды. Экология департаменті басшысының орынбасары да жауапкершілікке тартылды – сот оны 20 АЕК (2026 жылы 86,5 мың теңге) мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартты», – деп атап өтті прокуратурада. Жазаланған лауазымды тұлғаның аты-жөнін прокуратура нақтыламады.
Жариялау сәтінде облыстық экология департаментінің сайтында департамент басшысы – Серік Сарбасов, ал оның жалғыз орынбасары – Оралхан Әуезбеков деп көрсетілген.
KAZ Minerals Aktogay Қазақстанның ең ірі мыс өндіруші компаниясы KAZ Minerals құрамына кіреді. Соңғысының 63,5% акциясын Forbes нұсқасы бойынша $5,9 млрд капиталымен ең бай қазақстандықтар тізімінде екінші орында тұрған кәсіпкер Владимир Ким иеленсе, 36,5% үлесі оның мыс бизнесіндегі көпжылдық серіктесі Олег Новачукке ($388 млн, 30-орын) тиесілі.
KAZ Minerals Абай облысында жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіретін мыс қорыту зауытын 2030-2031 жылдары іске қосады, деп мәлімдеді «Курсивке» маусымда KAZ Minerals Management бас директоры Айжан Балабатырова. Мыс қорыту зауыты Абай облысының Аягөз ауданындағы Ақтоғай кентінің маңында орналасады. Ол кезде жоба бойынша алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме дайындалған. Зауыт катодты мыстан бөлек алтын және күміс құймаларын да шығарады.


