Нурай Серікбайды өлтіру ісі бойынша сот процесінің негізгі бөлігі аяқталып, тараптар пікірталасқа көшті. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов 28 жастағы Шерхан Аймахановты өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Прокурордың айтуынша, айыпталушының кінәсі Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша толық дәлелденген: 99-баптың 2-бөлігінің 5-тармағы (аса қатыгездікпен өлтіру), 125-баптың 1-бөлігі (некеге тұруға мәжбүрлеу) және 115-баптың 2-бөлігі (сталкинг).
«Өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің ерекше қауіпсіздік мекемесінде өтеуді сұраймын. Жазаны өтеу мерзімін үкім жарияланған күннен бастап есептеуді сұраймын. Аймахановқа қатысты бұлтартпау шарасын – күзетпен ұстауды өзгеріссіз қалдыруды сұраймын», – деп прокурордың сөзін келтіреді басылым.
Еске салайық, Нурай Серікбай 11 қаңтарда қайтыс болған. Тергеу жеті айға созылып, шілдеде аяқталды, ал сот процесі 21 шілдеде басталды. Бұған дейін Аймаханов пышақ жарақатын салған сәтті есіне алмайтынын айтып, тіпті қыз оған бірінші болып соққы жасағанын мәлімдеген. Алайда сот-медициналық сарапшы құрбанға 35 пышақ жарақаты салынғанын және ол кезде ол әлі тірі болғанын айтты. Психологиялық сараптама Аймахановтың қылмыс кезінде өз әрекеттерін толық бақылағанын көрсетті.
21 жастағы қыздың қайтыс болуы қоғамда кең резонанс тудырып, сталкинг пен қыз алып қашу мәселелеріне тағы да назар аудартты.


