Ресей тұрғыны ақуыз қоспаларын көп жыл бойы күн сайын қабылдап, аптасына бірнеше рет қарқынды жаттығу жасаған. Соның салдарынан оған бүйрек ауыстыру қажет болды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Склифосовский атындағы Мәскеу ғылыми-зерттеу институтының мәліметінше, уақыт өте келе науқастың қан қысымы көтеріліп, басы қатты ауырып, зәрінде ақуыз пайда болған. Бүйрегінің жағдайы соншалықты нашарлағандықтан, оған гемодиализ жасалып, кейіннен ағза ауыстыру қажет болды.
Институт хирургтары қажетті ота жасады. Хирургиялық араласу сәтті өткені, қазіргі уақытта науқастың қалпына келе бастағаны хабарланды.
Ер адамға дене жүктемесін бірнеше айдан кейін ғана қайта бастауға рұқсат етіледі. Оның өзінде жүктемені абайлап, біртіндеп арттырып, емдеуші дәрігердің барлық ұсыныстарын қатаң сақтау керек.
Протеинге келсек, ҒЗИ мамандары былай деп атап өтті: ағзадағы ерте өзгерістер көбінесе байқалмай қалады, өйткені олар ісінумен және айқын көрінетін белгілермен қатар жүрмейді.
Бұл жағдайда протеин қабылдап, қарқынды жаттығатындарға дәрігерлер тұрақты су ішу режимін ұстануды, зәр мен қан биохимиясын міндетті түрде тексеріп отыруды ұсынады. Олардың түсіндіруінше, бұл — ақуызы жоғары рациондармен жұмыс істегендегі басты қауіпсіздік шарттары.
Бұған дейін «Курсив» жазғандай, бүгінде сәнге айналған ақуызы жоғары диеталар барлығына бірдей жарай бермейді. Ғалымдардың зерттеуі кейбір адамдар үшін үш аминқышқылын қалыпты мөлшерде шектеу рациондағы артық ақуыздан да көбірек пайда әкелуі мүмкін екенін көрсетті. Атап айтқанда, ақуыз тұтынуды азайту ағзадағы зат алмасуды жақсартып, жасушалардың «жөндеу» процестерін белсендіретіні хабарланған.


