2027 жылы Қазақстанға Пржевальский жылқыларының тағы бір тобы келуі мүмкін. Тасымалдауға қатысуы ықтимал жануарлардың бірі — қазір Чехияда тұрған Бруно есімді айғыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, республикада жабайы жылқыларды далаға қайтаруға дайындық жалғасып жатыр. Ведомство дерегінше, айғырлардың бірі келесі жылы Пржевальский жылқыларының тобы құрамында елге келуі мүмкін.

«Прага хайуанаттар бағының ақпараты бойынша, Чехиядағы акклиматизация орталығына Швецияның Nordens Ark хайуанаттар бағынан бір жарым жасар Бруно айғыр келді. Ол айғырлар тобына қосылды, олардың кейбірі 2027 жылы Қазақстанға аттануы мүмкін. Алайда оның алдағы тасымалдауға қатысуы әзірге расталған жоқ», — деп нақтылады комитетте.

Айта кетейік, Пржевальский жылқыларын тарихи отанына қайтару жобасы аясында жануарларды іріктеу мен олардың акклиматизациясы болжамды тасымалдаудан бірнеше ай бұрын басталады.

Бұған дейін Пржевальский жылқыларын Қазақстанға қайтару бағдарламасы 2024 жылы басталғаны хабарланған. Сонда 7 жануар әкелінсе, 2025 жылы тағы 7, 2026 жылы 8 жануар жеткізілді. 2029 жылға дейін Қазақстанға шамамен 40 жылқы әкелу жоспарлануда.

Биыл жануарлар төл бере бастады. Пржевальский жылқысының алғашқы құлыны 22 тамызда «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи қорығы аумағындағы «Әліби» реинтродукция орталығында дүниеге келді. Тамыз айының соңында Қазақстанда осы сирек тұқымның екінші құлыны туғаны хабарланған.