Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин блогер Валерия Чекалинаны (желіде Лерчек деген атпен танымал) кешіру туралы жарлыққа қол қойды. Ол жазадан босатылып, соттылығы алынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұған дейін бес жылға шартты түрде сотталған Чекалина Ресей мемлекетінің басшысына кешіру туралы өтініш білдірген. Блогерге Қытай Халық Республикасына емделуге бару қажеттігі айтылған: одан анықталған асқазан обырының төртінші сатысы үдеп бара жатқан.
Ресей президентінің шешімі 14 қарашада жарияланды. «Адамгершілік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, 1992 жылы туған Чекалина Валерия Валерьевнаны кешіруге, оны Мәскеу қаласының Гагарин аудандық соты 2026 жылғы 31 шілдеде тағайындаған жазадан босатып, соттылығын алуға қаулы етемін», — делінген құжатта.
Еске салайық, 31 шілдеде заңсыз валюталық операциялар туралы іс бойынша Валерия Чекалина бес жылға шартты түрде сотталып, 763,5 миллион рубль айыппұл төлеуге міндеттелген, оған үш жыл бойы сайттарды басқаруға тыйым салынған. Кейін Мәскеу қалалық сотының апелляциялық сатысы үкімді күшінде қалдырды.
2023 жылы блогерлер Валерия мен Артём Чекалиндерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, интернетті пайдалануға тыйым салынған — жұп салық төлемеу және ақша қаражатын жылыстату бойынша айыпталған.
2024 жылы ресейлік миллионер-блогер Валерия Чекалина мен оның бұрынғы жұбайы Артёмге қатысты жаңа қылмыстық іс қозғалды. Валерия үй қамауына алынды.
Өткен жылдың күзінде интернет-жұлдыздың бала күтіп жүргені хабарланған. 2026 жылдың наурызында Валерия Чекалинаның сүйіктісі Луис Сквиччиарини босанғаннан кейін оған обыр диагнозы қойылғанын айтты. Содан кейін Валерияның адвокаттары оның өз бетінше жүре алмайтынын мәлімдеді. Құқық қорғаушылар сотқа блогерге қатысты бұлтартпау шарасын өзгертуді және оған қатысты сот ісін тоқтата тұруды сұрап өтініш берді.
2026 жылдың наурызында Валерия Чекалина Федералдық салық қызметінің алдындағы миллиондаған қарызын өтеді. 17 наурыздағы отырыс барысында Лерчектің өкілі Максим Курносов сотқа Чекалинаның салық шотына 176 млн рубль (1 млрд теңгеден астам) аударылғаны туралы құжат тапсырды. Сол айда сот Чекалинаға қатысты банкроттық туралы істі тоқтатты.
Сәуірде Лерчектің бұрынғы күйеуі Артём Чекалин 250 млн рубльден астам қаражатты Біріккен Араб Әмірліктеріндегі шоттарға шығарғаны үшін жеті жылға колонияға сотталды.


