Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарының теннис турнирінде жартылай финалға шыққан алғашқы қазақстандық теннисші атанды: ширек финалда ол Тайланд өкілі Мананчая Савангкаевты 6:3, 6:0 есебімен жеңді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Путинцева қарсыласына есін жинауға мүмкіндік бермеді: артқы сызықтан жасаған қуатты әрі дәл соққыларын айлалы қысқа доптармен ұштастырып отырды. 1 сағат 14 минуттан кейін тайландтық теннисші жеңілісін мойындады.

Қазақстан – Тайланд арасындағы өзіндік матчты ерлер жалғастырды. Александр Шевченко Максимус Джонсты 6:1, 6:4 есебімен жеңіп, ширек финалға шықты. Тимофей Скатов Касидит Самрейге 2:6, 6:7 (6:8) есебімен жол берді.

Жібек Құламбаева Соня Жиенбаевамен бірге мықты жапондық Шуко Аояма/Эна Сибахара жұбын 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Біздің қыздар да ширек финалға өтті.

АЗИЯ ОЙЫНДАРЫ-2026

Теннис. 30 қыркүйек

Әйелдер. 1/4 финал

🎾 Юлия ПУТИНЦЕВА (Қазақстан, 82) – Мананчая САВАНГКАЕВ (Тайланд, 90) 6:3, 6:0

Ерлер. 1/8 финал

🎾 Тимофей СКАТОВ (Қазақстан, 204) – Касидит САМРЕЙ (Тайланд, 389) 2:6, 6:7 (6:8)

🎾 Александр ШЕВЧЕНКО (Қазақстан, 109) – Максимус ДЖОНС (Тайланд, 487) 6:1, 6:4

Әйелдер. Жұптық. 1/8 финал

🎾 Жібек ҚҰЛАМБАЕВА (105)/Соня ЖИЕНБАЕВА (384) (Қазақстан) – Шуко АОЯМА (23)/Эна СИБАХАРА (76) (Жапония) 6:4, 6:4

Бүгін теннис Азиадасында қазақстандықтар қатысатын тағы төрт матч өтеді.

XX Жазғы Азия ойындары 19 қыркүйекте ресми түрде ашылды және 4 қазанда аяқталады. 45 елдің спортшылары қатысатын жарыста 460 комплект медаль сарапқа салынуда. Азиада-2026-да Қазақстан құрамасының сапында 35 спорт түрінен 558 спортшы сынға түсуде.

Ойындардың бірінші күні қазақстандықтар төрт алтын медаль жеңіп алды. Ойындар чемпиондары атанғандар: велошабандоздар Рината Сұлтанова мен Алексей Луценко, сондай-ақ каратистер Жоламан Бигабыл мен Софья Берульцева. Құрама қоржынына бесінші алтынды ММА сайыскері Еркінғали Бүркіталин қосты. Алтыншысын – аралас жекпе-жектегі командаласы Қадырбек Шынбаев. 23 қыркүйекте Луценко АИ-2026-ның екі дүркін чемпионы атанды. Сегізінші жоғары сынақтағы медальді 24 қыркүйекте ескекшілер Владислав Яковлев пен Иван Чернухин ерлер арасындағы жұптық есу сайысында жеңіп алды. Тоғызыншы алтын медальді біздің шпага шеберлерінің командасы иеленді.

Ойындардың он күнінен кейін Қазақстан бейресми медаль есебінде сегізінші орында тұрды.