Әнші Қайрат Нұртастың продюсері әрі анасы Гүлзира Айдарбекова Қызылордадағы концертке қатысты жағдайды түсіндірді: өнер көрсету күні өзгертілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұған дейін Қайрат Нұртас Instagram парақшасында жанкүйерлеріне концерттің ауыстырылғанын жеткізген болатын. «Қызылорда, жаңа күні кездесеміз! 18 қазанға жоспарланған концерт 20 қазанға ауыстырылды. Бұрын сатып алынған билеттердің барлығы жарамды. Түсіністік танытқандарыңызға рақмет. Кездескенше!» — деп жазды ол.
Гүлзира Айдарбекова продюсер ретінде Қызылордадағы Қайрат Нұртас концертіне қатысты өзіне көптеген сұрақ келіп түскенін айтып, жағдайды нақтылады. «Шымкенттегі жағдайға байланысты Қызылордадағы концертке билет сату тоқтатылған еді. Қуанышқа орай, қазір бәрі қалыпқа түсті, кеше Қызылордадағы концертке билет сату қайта жалғасты. Бұл — концерт бола ма, жоқ па деп бізге бірнеше рет хабарласқандарға берген жауабымыз. Бұрын сатып алынған билеттер кіру үшін жарамды болып қалады. Қызылорда, 20 қазанда күтеміз!» — деп жазды ол өзінің Instagram парақшасында.
Еске салайық, Шымкенттегі Қайрат Нұртас концертінде халық қысылып, салдарынан 18 жастағы қыз зардап шеккен болатын. Полиция қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелгенін мәлімдеді.
Осыдан кейін 1984 жылы туған ер адам — Қайрат Нұртас концертінің ұйымдастырушысы ұсталды. Алдын ала деректерге қарағанда, сатылған билет саны концерт алаңының рұқсат етілген сыйымдылығынан айтарлықтай асып кеткен, бұл адамдардың жаппай жиналуына әкеліп, көрермендердің қауіпсіздігіне қауіп төндірген. Оған 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қауіп төніп тұр.
Кейін Шымкенттегі Қайрат Нұртас концертінің ұйымдастырушысы қамауға алынбайтыны белгілі болды — ол үй қамауына жіберілді.


