Ақмола облысында Мәсіп Батырханұлы атындағы бүркітшілердің халықаралық турнирі мәресіне жетті. Оған Қазақстанның 9 өңірінен, сондай-ақ Түркия, Моңғолия, Қытай және Ресейден 80-нен астам қатысушы жиналды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты — ұлттық спорт түрлерін халықаралық аренада кеңінен насихаттау. Жарыс алаңында этноауыл орнатылып, онда садақ ату мен асық атудан көрсетілім өтті.
Түркиядан келген қонақ Мутлу Қызылбұлға үшін бұл турнир Қазақстанға алтыншы сапары болды. Ол қазақтың салт-дәстүріне және құспен аңшылық өнерінің өзіне тәнті екенін жасырмайды. Бұл жолы сапар спорттық нәтиже де әкелді: ителгімен өткен сайыста ол құрметті үшінші орынды иеленді.
«Мен қазақ халқын қатты жақсырамын. Құспен аңшылық — қазақ халқының ең қызықты өнерлерінің бірі. Бүркіт „Жеті қазынаның“ ішінде де бар. Осындай жарыстар бізде, Түркияда да өтсе екен деймін. Сонда бауырлас қазақтарды өзімізге шақырар едік», — деп бөлісті шетелдік қонақ.
Турнир кәсіби спортшылар мен қатысушылардың ғана емес, Зеренді ауданына көрермен ретінде келген көптеген шетелдік қонақтардың да назарын аударды. Олар үшін бұл тамаша Қазақстан мәдениетімен танысуға, бүркітшілердің тартымды сайысын тамашалауға және ұлттық мереке атмосферасын сезінуге бірегей мүмкіндік болды. Шетелдік қонақтарда ерекше әсер қалды.
«Ақмола облысы атынан Көшпелілер ойындарының қола жүлдегері Ерлан Кенжитаев өнер көрсетті. Сонымен қатар бұл спорт түрімен небәрі екі жылдай айналысатын дебютант қыз бен төрт жас спортшының қатысуы дисциплинаны дамыту үшін маңызды қадам болды. Жарыстың ең жас қатысушысы — ақмолалық мектептің 14 жастағы тәрбиеленушісі. Ол ұйымдастыруға көмектесіп, көрсетілімге қатысып, қонақтарға ұлттық спорттың сұлулығы мен әсемдігін паш етті», — деді дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендин.
Сайыс қорытындысы бойынша тоғыз жүлделі орынның екеуін ақмолалықтар иеленді. Өңірде ұлттық спорт түрлерін дамыту географиясы 10 спорт мектебін қамтып отыр. Дайындықтың ерекше орталықтары — Зеренді және Бурабай аудандары. Олардың тәрбиеленушілері ұлттық құрама құрамына тұрақты еніп, Қазақстанды халықаралық аренада таныстырып жүр.


