Қарағандыда Әлихан Бөкейхан аудандық соты даму мүмкіндігі шектеулі балалар үйінің тәрбиеленушісінен ақша бопсалау туралы қылмыстық істі қарады. Екі айыпталушы 3 жыл 6 айдан бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қарағанды облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, фигуранттар алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен зорлық-зомбылық қолдану қаупімен бопсалау жасады деп айыпталды (Қылмыстық кодекстің 194-бабының 2-бөлігі).
Сот анықтағандай, 2025 жылдың тамызында сотталушылар даму мүмкіндігі шектеулі балалар үйінің тәрбиеленушісінің арнайы шотында 3 млн теңгеден астам қаражат жиналғанын білген. Бұл қаражат мемлекеттен ай сайынғы жәрдемақы түрінде түсіп отырған.
2025 жылғы 20 тамызда Шығыс-2 шағын ауданындағы үй ауласында сотталушылардың бірі жәбірленушіден бұл ақшаны беруді дөрекі түрде талап етті. Өз өмірінен қорыққан жәбірленуші келісті. Осыдан кейін сотталушылар оны бірнеше рет банк бөлімшесіне 3 млн теңге алуға апарды, алайда банк мектеп басшылығының анықтамасы жоқ болғандықтан бас тартты.
2026 жылғы 4 қаңтарда сотталушы жәбірленушіге ұялы телефонын ломбардқа өткізуді ұсынды. Бастан тартқаннан кейін келесі күні екі айыпталушы да дене жарақатын келтіру қаупімен балалар үйінің тәрбиеленушісінен ақша немесе ұялы телефон талап етті. Қауіптен қорыққан жәбірленуші оларға құны 189 мың теңге тұратын ұялы телефонын берді.
Сотталушылардың кінәсі олардың мойындау көрсетпелерімен, жәбірленушінің, куәлардың көрсетпелерімен және істің басқа да материалдарымен толық дәлелденді.
Жәбірленуші қатаң жаза тағайындауды сұрады. Қорғаушы тарап бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Жаза тағайындау кезінде бір сотталушыға қатысты қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде кәмелетке толмаған баласының болуы және шын жүректен өкінуі, ал екінші сотталушыға қатысты — шын жүректен өкінуі ескерілді. Сотталушылардың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімімен сотталушылар Қылмыстық кодекстің 194-бабының 2-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыс жасауда кінәлі деп танылды. Мүмкіндігі шектеулі балалар үйінің тәрбиеленушісіне қатысты жасалған, зорлық-зомбылық қолдану қаупімен жасалған құқыққа қарсы әрекеттің сипаты мен қоғамдық қауіптілігін, сондай-ақ жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатын ескере отырып, оларға 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


