Қарағанды облысының республикалық және облыстық автомобиль жолдарында 25 қыркүйектен бастап 19 мобильді блокбекет жұмыс істей бастады. Олар қыс түскенге дейін жұмыс істейді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ішкі істер министрлігінің ведомстволық сайтында хабарланғандай, полиция осылайша мал мен ет өнімдерін тасымалдауды бақылауды күшейтті. Шара дәстүрлі күзгі мал сою қарсаңында қабылданып, ең алдымен мал ұрлығының алдын алуға және оны тоқтатуға бағытталған.
Бекеттерде полиция қызметкерлері мал мен ет өнімдерін тасымалдайтын көлікті, сондай-ақ олардың шығу тегін және тасымалдаудың заңдылығын растайтын құжаттарды тексереді. Қажетті құжаттар болмаған жағдайда көлік тексеру жүргізу және жүктің иесін анықтау үшін аумақтық полиция бөліміне жеткізіледі.
«Мобильді блокбекеттер мал мен ет өнімдерінің қозғалысының негізгі бағыттарын бақылауға мүмкіндік береді. Егер құжаттар күмән тудырса немесе мүлде болмаса, жүк оның шығу тегі мен иесі анықталғанша тексеріледі. Өткен жылы Теміртау маңындағы блокбекетте полицейлер Ақмола облысында ұрланған 46 жылқыны тапқан болатын. Сондықтан мұндай бекеттердің мал ұрлығының алдын алу мен оны ашуда маңызы зор», — деді Қарағанды облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Мейіржан Сламбеков.
Ішкі істер министрлігінің дерегінше, мобильді блокбекеттер қыс түскенге дейін жұмыс істейді.


