Қарағандыда 23 жастағы қыздың қазасына қатысты бұрынғы полиция майорына қарсы сот процесі басталды. Қыздың денесі учаскелік полиция қызметкерінің кабинетінен табылған болатын. Сот істі жабық түрде қарауға шешім қабылдады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Отырысқа марқұм қыздың анасы мен апасы келді. КТК телеарнасының дерегінше, олардың мүддесін облыстық прокуратура қорғайды.

Талқылау басталмай тұрып, сотталушының қорғаушысы Әсет Түбеков процесті жабық өткізуді сұрады. Ол іс материалдарында өз қорғалушысы мен марқұм қыздың жеке өміріне қатысты мәліметтер бар екенін алға тартты.

«Іс материалдарында менің қорғалушым мен жәбірленушіге қатысты интимдік сипаттағы мәліметтер, жеке хат алмасулар бар. Сондықтан сот отырысын жабық түрде өткізуді сұраймын», — деді Түбеков.

Судья өтінішті қанағаттандырып, журналистерден залдан шығуды сұрады. Ал марқұмның туыстары, керісінше, БАҚ өкілдерінің процеске қатысуына рұқсат беруді өтінген.

Қайғылы оқиға өткен жылдың қыркүйегінде болған. Сағат 22:00 шамасында учаскелік полиция қызметкерінің кабинетінен 23 жастағы қыздың жалаңаш денесі табылды. Көрші кабинетте 36 жастағы полиция майоры есінен танып жатқан.

КТК хабарлауынша, ол кезде полицей мен қыз есірткі қолданып, есірткі заттарынан улануы мүмкін деген ақпарат тараған. Сондай-ақ марқұмның тірек пунктіне бірнеше рет келгені айтылған. Телеарнаның дерегінше, полиция басшылығы бұл мәліметтерді растаған да, жоққа шығарған да жоқ.

Учаскелік қызметкер есін жиған соң, оны жұмыстан шығарып, оқшаулағышқа қамады.

Марқұмның бес жасар ұлы қалды. Оның жақындары бұрынғы полицей қызмет бабын пайдаланды деп есептеп, өтемақы талап етіп отыр.

«Ол анасының рұқсатынсыз ешқайда шыға алмайтын. Ол қызды шақырып алып, осындай халге жеткізді. Бәлкім, оны пайдаланып, ондай әрекеттер жасаған шығар. Өтемақы төлесін. Бала жетім қалды, күн сайын анасын іздеп жылайды», — деді марқұмның туысы.

Оқиғадан кейін Қарағандының бірнеше полиция қызметкері мен облыстық департаменттің қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оларға қатаң сөгіс беріліп, аудандық полиция бөлімінің бастығы жұмыстан шығарылды.

КТК мәліметінше, қылмыстық іс ҚК-нің 370-бабы — «Қызметте әрекетсіздік» бойынша қозғалған. Телеарна ауыр зардаптарды ескерсек, жаза жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру болуы мүмкін деп хабарлайды.

Марқұмның анасы сотталушыға тым жеңіл жаза тағайындалуынан қорқады. Әрі қарайғы талқылау жабық есік жағдайында өтеді.