Қарағандыда полицияның бұрынғы майорына қатысты жабық сот отырысы басталды. Тергеу дерегінше, бір жыл бұрын оның кабинетінен 23 жастағы қыздың денесі табылған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
КТК телеарнасының мәліметінше, осынаушулы іс қоғамда кең резонанс тудырды. Сот алдына полицияның бұрынғы офицері түсті. Бір жыл бұрын ол жұмыс орнында кома күйінде табылса, көрші бөлмеден 23 жастағы қыздың мәйіті табылған. Алдын ала нұсқа бойынша, оқиғаға қатысқан екі адам да есірткіден ауыр уланып қалған.
Бұл іс бойынша тергеу бір жылға созылып, енді материалдар ресми түрде сот органдарына жіберілді. Отырысты жабық есік жағдайында өткізуге шешім қабылданды.
Соттың алғашқы отырысына қаза тапқан қыздың анасы мен апайы келді. Отбасының мүддесін іс барысында облыстық прокуратура қорғап отыр.
Отырыс ресми басталмай тұрып, экс-полицейдің адвокаты Әсет Түбеков процесті жабық режимде өткізу туралы өтініш жасады. Ол материалдарда жеке хат алмасулар мен интимдік сипаттағы мәліметтер бар екенін, олардың жария болуы қажет еместігін түсіндірді. Сотталушы марқұммен арадағы қарым-қатынасының бөлшектері жария етілуіне қарсы шықты. Судья бұл өтінішті қанағаттандырып, баспасөзді залдан шығаруға міндеттеді.
Еске салайық, Қарағандыдағы полицияның бір тірек пунктінен қыздың денесі мен есінен танып қалған учаскелік инспектор табылған болатын. Кейін ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов Қарағанды полиция пунктінен қыздың денесі мен есінен танып қалған учаскелік инспектордың табылғаны туралы жаңалыққа пікір білдірді. Ал ІІМ басшысы бұл оқиғаны «ұят» деп атады. 2025 жылдың қарашасында полицейге куәгер мәртебесі берілгені белгілі болды.


