Қашағанда газ өңдейтін зауыт салып жатқан GPCI жобалау компаниясындағы 75 пайыз үлесті катарлық UCC Holding-ке сату екі жылға созылып кетті: мәмілені 2024 жылы аяқтау жоспарланған еді, бірақ ол әлі жүзеге аспады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Самұрық-Қазына» холдингі жартыжылдық есебінде GPCI жобалау компаниясындағы 75 пайыз үлесті сатып, өзінде 25 пайызды қалдыруды жоспарлап отырғанын көрсетті. Бұл Қатар мен Қазақстан арасындағы стратегиялық келісімде қарастырылған. Енді сатуды 2026 жылдың соңына дейін аяқтауды көздеп отыр.

Катар тарапымен келісім 2024 жылдың ақпанында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың араб еліне сапары кезінде жасалған болатын. Сонда QazaqGaz бен катарлық UCC Holding Қашағанда жылына 1 млрд текше метр және 2,5 млрд текше метр қуаттылықтағы екі газ өңдеу зауытын бірлесіп салуға келіскен.

GPCI компаниясы солардың екіншісін — кен орнынан шығатын ілеспе газды өңдеуге арналған жылына 2,5 млрд текше метр қуаттылықтағы газ өңдеу зауытын жобалаумен және салумен айналысады.

Бірлескен жобаны жүзеге асыру үшін GPCI-дегі бақылау үлесін UCC Holding-ке сату керек еді. Бастапқыда мәмілені 2024 жылдың соңына дейін жабу жоспарланған, кейін 2025 жылдың ортасы деп хабарланған, алайда компания катарлықтарға әлі сатылған жоқ.

«Активті алғашқы рет сатуға арналған топ ретінде жіктеген күннен бастап 12 ай ішінде сату аяқталмады. Бұл ең алдымен мәміленің үкіметаралық сипатына және сатып алушымен кейбір коммерциялық және шарттық мәселелер бойынша жалғасып жатқан келіссөздерге байланысты», — делінген «Самұрық-Қазына» есебінде.

Холдинг катарлықтармен келіссөздер әлі жалғасып жатқанын атап өтті. Есепке сәйкес, сатуға арналған GPC Investment активтері маусымның соңында 363,6 млрд теңгеге бағаланды. Ал міндеттемелері 247,8 млрд теңгені құрайды. Осылайша, сатуға жіктелген таза активтер 115,8 млрд теңгеге бағаланып отыр, мұны компанияның құны деп есептеуге болады.

GPC Investment зауытты іске қоспағанына қарамастан, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 9,2 млрд теңге пайда тапты. Ол 10 млрд теңге көлеміндегі оң бағамдық айырма есебінен қалыптасты.

Айта кетейік, Қашағандағы зауыттың құрылысы іс жүзінде тек 2026 жылдың жазында басталды. Жобаның EPC-мердігерлері, яғни жобалау, жеткізу және құрылыс кезеңдеріндегі толық циклді мердігерлер ретінде Қытайдың екі компаниясы — China National Chemical Engineering Sixth Construction Company және China Wuhuan Engineering Corporation таңдалды. Екі компания да Қытай ұлттық химиялық инженерлік корпорациясының (CNCEC) құрамына кіреді.