- 11 қаң. 2016 00:00
- 388
Қасқасу - Оңтүстік жерұйығы
Оңтүстік өңірі табиғаты шын мәнінде ерекше қайталанбас дүние. Таудан аққан бұлақ сыңғыры, жемісін көтере алмай тербеліп тұрған алма ағаштары, жайқалған хош иісті гүлдер қаладан мезі болған қауымға таптырмас демалыс орны. Қасқасу шатқалы - Оңтүстік Қазақстан облысының ең әсем жерлерінің бірі. Төле би ауданында, теңіз деңгейінен 1900 м. биіктікте орналасқан. Шымбұлақтың 5-ін өзіне сидыра алатын әлеуеті бар.
Қасқасуға сапар тек тауға шығу деген сөз емес. Мұндағы демалыс белсенді, әрі экстремалды болуы тиіс. Сол себепті, мұнда қалың қармен қапталған 8 тау шатқалы күтіп тұр. Бір уақытта, 25 мың шаңғышы төмен қарай құлдилай алады. Қазіргі таңда, тау шаңғысы демалыс аймағын салу жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Бұл шараға 125 млн. АҚШ доллары тартылу көзделуде.
Қасқасу алмасы бүкіл аймаққа танымал. Мұнда алманың 20-дан аса түрі өседі. Өте дәмді, әрі жұмсақ. Көктемге дейін сақталу сапасымен ерекшеленді, бұл алмалардан құрт табу мүмкін емес
Жануарлар әлемі де әртүрлілігімен ерекшеленеді. Сүқоректілердің 59 түрі, құстардың 300-ге жуығы тіркелген.Аю, қасқыр, жабайы шошқа, тау ешкісін жолықтыруға болады.Өте абай, адамдардан үнемі жырақ жүруге тырысатын қар барысы(ілбіс) тау-тастың арасын мекен еткен
Мұнда жойылудың аз алдында тұрған Мензбира суырын кездестіруге болады. Бұл жануар халықаралық Қызыл кітапқа енген. Кезінде бұл суырлардың тіршілік ету аймағы бүкіл батыс Тянь-Шаньды қамтыған. Бірақ, бертін келе, саны күрт кеми бастады. Ауруды жазуға таптырмас майы мен бағалы терісі адамдар қорқауларының жемтігіне айналып отыр.
Қасқасу шатқалында өсімдіктің 1500-ден аса түрі өседі. Ағаштардың түрлері өте көп. Ең танымалы-түркістан аршасы. Бұл аршаның таулар өміршеңдігі мен әкожүйеге ықпалы өте зор, себебі, қардың уақытында еруін қамтамасыз етеді. Жемісімен көптеген аңдар қоректенеді. Аршаның бойы ылдидан тау шыңына қарай төмендей береді. Өте жай өседі, жылына бой өсімі 1 см-ден аспайды. Аршаның өмір сүру ұзақтығы 500-600 жыл, 4 мың жылға дейін жасаған аршалар бар.