Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха үкіметтегі брифингте 13 тамыздағы ақаулық кезінде жүргізушілерге автоматты түрде жазылған айыппұлдардың тағдыры туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Журналистер қазақстандықтардың автоматты тіркеу камералары жазып берген негізсіз айыппұлдарға бірнеше рет шағымданғанын атап өтті.
«Ондай жағдай болды, рас. Бірақ бұл жаппай емес, жекелеген оқиғалар еді. Камералар саны артып, нұсқамалар көбейіп жатыр, ал әкімшілік полиция қызметкерлерінің штаты өспейді. Біз Бас прокуратураның құқықтық статистика комитетімен бірлесіп, автоматты қол қою режиміне көштік. Яғни, бұрын нұсқама былай жасалатын: қызметкерге фото келіп, ол нұсқаманы қарап, содан кейін ғана қол қойып жіберетін. Ал қазір бәрі автоматты түрде жасалады. Қазір нұсқама ЖҚЕ бұзған көлік иесіне бірден жіберіледі», — деді Лепеха.
Оның айтуынша, жаңа нысан 13 тамызда іске қосылған.
«Алғашқы күні шынымен де ақаулықтар тіркелді. Олар Алматы және Жамбыл облыстарында байқалды. Қарап, анықтадық: нұсқамада орташа жылдамдық емес, лездік жылдамдық көрсетілген. Яғни, нұсқамада белгілі бір аркалар көрсетілсе, мұнда сол аркада жылдамдықты бұзды деп жазылған. Әр жүргізушімен жеке жұмыс істеп жатырмыз. Егер нұсқама шынымен бұзушылықпен рәсімделсе, ақша (бүгінге дейін төленген айыппұл — ред. еск.) бюджеттен қайтарылады», — деп түсіндірді вице-министр.
Еске салайық, тамызда Қазақстанда тас жолдарда жылдамдық үшін қате рәсімделген айыппұлдар анықталған. Ішкі істер министрлігінде олардың автоматты түрде жойылатынын, ал ақшаны қайтару тетігі әзірленіп жатқанын мәлімдеді.


