Он үшінші қазанда атмосферада ластаушы заттардың жиналуына ықпал ететін қолайсыз метеорологиялық жағдайлар Алматы мен Қазақстанның тағы жеті қаласында болжанып отыр. Бұл туралы «Қазгидромет» хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Синоптиктердің дерегінше, ҚМЖ режимі Алматы, Астана, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау және Ақтөбе қалаларында, ал түнгі уақытта Оралда күтіледі.

Мамандардың түсіндіруінше, қолайсыз метеожағдайлар тымық ауа райы, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия қосылғанда қалыптасады. Соның салдарынан ластаушы заттар атмосфераның жерге жақын қабатында жиналып, ауа сапасының нашарлауына әкеледі.

Синоптиктер ескертеді: мұндай кезеңдерде денсаулыққа теріс әсер ету қаупі артады, әсіресе созылмалы ауруы бар адамдар үшін.

Ауаның ластану деңгейіне желдің жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық және ауа температурасы әсер етеді.

Тұрғындарға сыртта, әсіресе автожолдар мен басқа да ластану көздерінің жанында, аз уақыт жүруге кеңес беріледі. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тарту ұсынылады.

Тыныс алу және жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдарға, сондай-ақ аллергиясы барларға қажетті дәрілерді өздерімен бірге алып жүруге кеңес беріледі. Ашық ауадағы дене белсенділігін шектеп, мүмкіндігінше жаттығуларды жабық ғимараттарға көшіруге кеңес береді.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстанның 17 облысында 13 қазанға дауылды ескерту жарияланғанын жазған болатын.