29 шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болып қалады: жаңбыр мен найзағай, кей жерлерде бұршақ, ал бірқатар өңірде ауа температурасы +44 градусқа дейін көтеріледі, деп хабарлайды infohub.kz.

Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты еліміздің оңтүстігінен басқа барлық дерлік аймағында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Республика бойынша желдің күшеюі күтілсе, оңтүстік-батыс пен оңтүстікте кей жерлерде шаңды дауыл болуы мүмкін.

Ең ыстық ауа райы Маңғыстау облысында: +43…+44 градус. Атырау, Ақтөбе және Қостанай облысының оңтүстігінде ауа +40…+43 градусқа дейін жылиды. Қызылорда мен Түркістан облысында +40…+42 градус. Батыс Қазақстан, Қостанай, Алматы, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, сондай-ақ Ұлытау және Жетісу облыстарында термометр бағандары +35…+38 градусқа көтеріледі.

Синоптиктер бірнеше өңірде өрт қауіпінің жоғары және төтенше деңгейде екенін ескертеді. Ең күрделі жағдай Қызылорда, Жамбыл, Атырау, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Жетісу, Қарағанды, Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау, Қостанай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарының жекелеген аудандарында күтіледі.

Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының солтүстігінде, шығысында және батысында найзағай, бұршақ, қатты жел (20–25 м/с дейін) күтіледі. Жетісу мен Алматы облысының таулы аудандарында қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай, Шығыс Қазақстан облысында кей жерлерде қатты жаңбыр жауады. Маңғыстау мен Түркістан облыстарында шаңды дауыл болады. Павлодар, Қарағанды, Атырау және басқа да бірқатар өңірде қысқа мерзімді жаңбыр, найзағай және желдің күшеюі күтіледі.

Елдің барлық дерлік өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Тұрғындарға ауа райы болжамын ескеру, өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау, қатты жел, найзағай және төтенше ыстықта абай болу ұсынылады.