Қазақстандағы өңірлік әкімдіктерге жергілікті жолдардың сапасын арттырудың үшжылдық жоспарларын бекітуге небәрі жеті күн берілді. Бұл шешім Көлік министрлігінде өткен республикалық кеңестің қорытындысы бойынша қабылданды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Құжаттар жол жұмыстарының толық циклін қамтуы тиіс: басым учаскелерді анықтау, жобалық құжаттама дайындау, құрылыс және жөндеу, орындалған жұмыстардың сапасын бақылау, сондай-ақ жолдарды одан әрі күтіп ұстау.
Осындай қатаң талапты Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев айтты. Бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жол инфрақұрылымының жай-күйіне қатысты сыны себеп болды.
Жөндеу тәсіліндегі басты өзгерістер мердігерлердің жауапкершілігіне қатысты: егер белгіленген кепілдік мерзім ішінде жөнделген жолда ақаулар пайда болса, мердігер ұйымдар оларды тек өз есебінен жоюға міндетті болады.
Сонымен қатар өңірлер кездейсоқ учаскелерді жыл сайын жамаудан жүйелі үшжылдық жоспарлауға көшеді. Жоспарлар барлық кезеңді қамтуы керек — жолдардың нақты жай-күйін диагностикалаудан және жобаларды әзірлеуден бастап құрылысқа, сапаны бақылауға және жол желісін одан әрі күтіп ұстауға дейін.
Нәлібаев жергілікті атқарушы органдар дайын нысандарды стандарттарға жүз пайыз сай болған жағдайда ғана қабылдауы керектігін атап өтті.
Қазақстандағы жергілікті маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы шамамен 70 мың шақырымды құрайды. Жаңа үшжылдық жоспарлар аясында билік 32 мың шақырым жергілікті жол желісін нормативтік жағдайға келтіруді көздеп отыр.
Бұған дейін «Курсив» жазғандай, қыркүйекте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен әкімдерге қалалардағы және олардың сыртындағы жолдардың сапасына ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Ол бұл туралы «Таза Қазақстан» акциясының қатысушыларына сөйлеген сөзінде айтты.
Мемлекет басшысы жолдардың жай-күйін шешілмеген мәселе деп атады. Ол заң бұзылған жағдайда шара қолданылатынын мәлімдеді.
«Бұл — біздің «ахиллес табанымыз», мұны мойындау керек. Бұл мәселені ешкім шеше алмады (бұл өзі ұят) немесе жай ғана қаламады, ал бұл — саботаж. Заңның барлық қатаңдығымен шара қолданамыз», — деді Тоқаев.
Президент сондай-ақ барлық өңірлердегі урбанистика орталықтарының жұмысын кідіріссіз жандандыруды талап етті. Оның айтуынша, олар қалалардың тұтас сәулеттік келбетін қалыптастыруға көмектесуі тиіс.


