Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасында тікелей әуе қатынасын ашу перспективаларын Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен АҚШ Көлік министрінің авиация және халықаралық қатынастар жөніндегі көмекшісі Эдвардс талқылады. Кездесу қазақстандық тараптың АҚШ Федералдық авиация басқармасының (FAA) 1-санатын алу жұмысы аясында өтті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Азаматтық авиация комитетінің (ААК) мәліметінше, қыркүйекте американдық сарапшылар аудит жүргізіп, алдын ала қорытындысын ұсынды және қазақстандық тараптың көрсеткіштері жақсы екенін атап өтті. Келіссөздердің негізгі тақырыбы екі ел арасында тікелей әуе қатынасын орнату перспективалары болды.

Әңгіме барысында Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей рейсті 2027 жылдың соңына дейін ашу жоспарлары атап өтілді.

«Біз Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын іске қосуға мүдделіміз және ол үшін белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Елдеріміз арасында жасалған «Ашық аспан» келісімі осы бастаманы жүзеге асыруға берік құқықтық негіз қалыптастырады. АҚШ-тың авиациялық билігімен сындарлы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және қалған рәсімдердің жақын арада аяқталуына сенім артамыз», — деді Ластаев.

Сонымен қатар қазақстандық әуе компанияларының ұшақ паркін жаңарту мәселесі де қозғалды. Air Astana 2026–2027 жылдары үш Boeing 787 Dreamliner ұшағын алуды күтіп отыр, оларды АҚШ-қа рейстерді ұйымдастыруға пайдалану жоспарлануда.

ААК сондай-ақ 2025 жылы жалпы құны 15 млрд АҚШ доллары болатын 33 ұшақ жеткізуге американдық Boeing компаниясымен келісім жасалғанын еске салды.

Бұған дейін, сәуірде, Air Astana Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашуға қандай қиындықтар әсер етіп жатқанын айтқан болатын. Мамырда Көлік министрлігінің басшысы Нұрлан Сауранбаев АҚШ-қа тікелей рейстерді 2027 жылдың II тоқсанында іске қосу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.