Қазақстанда жазғы маусым қарсаңында 78 балалар сауықтыру лагерінде өрт қауіпсіздігі талаптарының 756 бұзушылығы анықталды. Бұл туралы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жөніндегі республикалық штабтың отырысында хабарланды, деп мәлім етеді infohub.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, ТЖМ және әкімдіктердің бірлескен тексерістері 220 балалар лагерін қамтыды. Анықталған бұзушылықтар өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауына байланысты.
Отырыстың негізгі тақырыбы балалардың жазғы демалысы кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, биыл жазда 3,2 миллионнан астам бала демалыспен қамтылған. Оның ішінде 116 мыңнан астамы 176 жылдық және маусымдық орталықтарда сауықтырылса, тағы 3,1 миллионнан астамы мектеп жанындағы лагерлер мен қосымша білім беру ұйымдарына барады.
Үкіметте білім беру және сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдарды міндетті лицензиялаудың алғашқы қорытындылары шығарылды. Жаңа тәртіп алғаш рет қолданылып отыр және қауіпсіздікке, кадр құрамына, тамақтандыруды ұйымдастыруға, медициналық сүйемелдеуге және демалыс бағдарламаларының мазмұнына бірыңғай талаптарды көздейді. Қазіргі таңда 64 орталық лицензия алса, тағы 45 өтініш қарауда.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алуға 189 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 180 нысан оң қорытынды алды. Рұқсат берілмес бұрын мамандар лагерлердің санитарлық талаптарға сәйкестігін тексереді, оның ішінде ауыз суды, бассейндердегі суды, топырақты және жағажайлардағы құмды зертханалық зерттеулер де бар.
Отырысқа қатысушылар жазғы сауықтыру науқанының алғашқы апталарында орын алған төтенше оқиғаларды да талқылады. Үкіметтің мәлімдеуінше, барлық жағдайда мемлекеттік органдар іс-қимылды уақтылы үйлестіріп, балалар қауіпсіз жерлерге жедел көшіріліп, қажетті медициналық сүйемелдеу алды.
Отырыс қорытындысы бойынша вице-премьер – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіз мінез-құлқы мәселелері бойынша халықпен ақпараттық жұмысты күшейтуді, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық, өртке қарсы және қоғамдық бақылауды қатаңдатуды тапсырды. Оның айтуынша, аномальды ыстық ауа райы жағдайында балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу қажет, оның ішінде лагерлердегі тамақ сапасын тұрақты мониторингтеу де бар.


