2026 жылғы 14 тамызда Қазақстанда сегіз өңірді қамтыған ірі энергия жүйесіндегі ақау орын алды. Технологиялық бұзылыс салдарынан Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Қарағанды, Абай облыстарының, сондай-ақ Жетісу және Ұлытау облыстарының тұтынушылары жарықсыз қалды... деп хабарлайды infohub.kz сайты.

KEGOC компаниясының баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Астана уақытымен сағат 14:37-де болған. Себеп — Қырғызстандағы Тоқтогүл су электр стансасындағы екі гидрогенератордың ажырауы. Бұл Қазақстанның Бірыңғай энергия жүйесіндегі «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» транзитінің шамадан тыс жүктелуіне және Оңтүстік аймақтың Қазақстанның БЭЖ-інен және Орталық Азияның біріккен энергокешенінің (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан) энергия жүйелерінен бөлініп қалуына әкелді.

Салдарынан аварияға қарсы автоматтандыру іске қосылып, аталған өңірлердегі тұтынушылар ажыратылды. Электрмен жабдықтауды қалпына келтіру бірден басталды: сағат 14:47-де KEGOC Қарағанды, Абай облыстары мен Ұлытау облысында электр қуатын толық қалпына келтірді. Сағат 16:26-да Алматы облысы мен Жетісу облысына, ал 16:34-те Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарына электр қуаты қайтарылды.

Технологиялық бұзылыстың себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Қазақстан Энергетика министрлігінің мәліметінше, оқиғаның себебі — Орталық Азия энергия жүйесі тарапынан электр қуаты ағынының күрт өзгеруінен туындаған энергия жүйесіндегі қуаттың артуы.