Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері Михаил Гниненко Пхукетте демалысының бірінші күні-ақ ауыр жарақат алып, жұбайы оны бетон баспалдақтың жанында жатқанын көріп қалды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
NUR.KZ тілшісінің мәліметінше, жағдайға Қазақстан Сыртқы істер министрлігі түсініктеме берді. Astana телеарнасының дерегінше, елордалық дезинфекция станциясының бұрынғы бас дәрігері, еліміздің тұрғындарының денсаулығына жарты ғасырдан астам уақытын арнаған маман 3 қарашада, жұбайы екеуі Таиландқа ұшып келген бетте зардап шеккен. Қонақүйге орналасқан соң 79 жастағы Михаил Гниненко әйелімен көршілес кафеге түскі асқа барған. Ас ішкеннен кейін ер адам әйелінен бір-ақ секунд бұрын далаға шыққан.
«Артынан шыққанымда бетон баспалдақтың жанында адамдар жиналып қалғанын көрдім. Күйеуімнің төменде жатқанын байқадым. Онда алты бетон баспалдақ пен жұмсақ жабындысы жоқ бетон еден бар», — деп әңгімеледі дәрігердің жұбайы Валентина Борисовна.
Ауыр бас миы жарақаты мен ми ішілік қан құйылуымен қазақстандықты шұғыл түрде ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер күрделі нейрохирургиялық ота жасады. Еңбек сіңірген медик 79 жасқа толған туған күнін, 13 қарашаны, аурухана палатасында ессіз күйде, өкпесін жасанды желдету аппаратына қосылып қарсы алды.
Телеарнаның дерегінше, Михаил Гниненко — тума ақмолалық, елордалық дезинфекция қызметін құрып, оны 20 жыл басқарған және «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағының иегері. Материалда айтылғандай, 10 мың долларлық сақтандыру шегі реанимацияның алғашқы күндері мен отаға толығымен жұмсалып кеткен. Қазір клиника жаңа шот қойып отыр — 464 мың баттан астам (шамамен 6 млн теңге).
NUR.KZ тілшісі ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сауал жолдады. Сауалға сыртқы саяси ведомствоның ресми өкілі Жанболат Өсенов жауап берді.
«Қазақстандық дипломаттар Пхукет аралындағы ауруханада емделіп жатқан Қазақстан Республикасы азаматының туыстарына консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Емдеуші дәрігердің қорытындысы бойынша, қазіргі уақытта медициналық көрсеткіштерге байланысты пациентті тасымалдау қолайсыз. Жақын арада дипломаттардың туыстармен және емдеуші дәрігермен кезекті кездесуі өтеді, онда пациентті Қазақстанға жеткізу мүмкіндігі қайта талқыланады», — деп жауап берді Өсенов.


