Қазақстанның дзюдо құрамасы Азиада-2026 аралас командалық турнирінде күміс жүлдегер атанды. Финалда отандастарымыз Жапония құрамасына 0:4 есебімен жол берді. Бұл — қазақстандық дзюдошылардың аталған ойындардағы жетінші медалі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Финалдың алғашқы белдесуінде Гусман Қырғызбаев (73 кг) жапониялық Тацуки Исихарамен кездесті. Кездесу төрт минутқа созылып, Исихара «юко» бағасының арқасында жеңіске жетті.
Екінші белдесуде Ажар Асхат (70 кг) татамиде Утана Терадамен шеберлік байқасты. Жапониялық спортшы кездесуді 3 минут 7 секундта «иппонмен» аяқтады.
Үшінші белдесуде Айдар Арапов (90 кг) Хидэтоси Токумотиге қарсы алдымен «юко» алды, алайда кейін қазақстандық үш «шидо» жинап, жеңіс жапониялық дзюдошыға «иппонмен» берілді.
Төртінші болып татамиге Аида Тойшыбекова (78 келіден жоғары) шықты. Оның қарсыласы Мики Мукуноки 33 секундта «иппонмен» жеңді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Азиада-2026 дзюдо турнирін жеті жүлдемен аяқтады: бес күміс және екі қола. Жекелей сында қазақстандықтар төрт күміс пен екі қола алды, содан кейін аралас командалық турнирде күміс медаль қосты.
Күміс жүлдегерлер: Елдос Сметов (60 кг), Абиба Әбужакынова (48 кг), Әділет Алмат (81 кг), Ажар Асхат (70 кг) және Қазақстанның аралас құрамасы.
Қола медальдар: Эсмигуль Куюлова (63 кг) және Екатерина Токарева (78 кг).
Тағы бес қазақстандық спортшы жеке подиумға бір қадам жетпей тоқтады: Гусман Қырғызбаев, Меруерт Сарсенова, Дана Абдирова, Марат Байкамуров және Аида Тойшыбекова өз салмақтарында бесінші орын алды.
Жапониядағы XX Жазғы Азия ойындары 19 қыркүйекте ресми түрде ашылды. 45 елдің спортшылары қатысатын жарыстарда 460 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Азиада-2026-да Қазақстан құрамасының құрамында 35 спорт түрінен 558 спортшы сынға түсуде.


