Қазақстандық аграршылар жұмсақ бидай өсіруден жиі бас тартып жүр: арзанырақ ресейлік астықпен бәсекелестік дәстүрлі дақылды шығынды етіп отыр, ал қуаңшылық жағдайды одан әрі ушықтырды. Шаруашылықтар егістіктегі бидай үлесін қысқартып, кейде жұмсақ сорттардан мүлдем бас тартуда, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазақстанда жұмсақ бидай егісінің өздігінен қысқаруы экономикалық жағдайға байланысты. Өзіндік құны төмен ірі астық өндіруші Ресей нарықты барған сайын басып алып келеді. Оған жауап ретінде қазақстандық фермерлер еуропалық нарықтарда сұранысқа ие баламалы нишалық дақылдарды айналымға енгізуде.

Eurasia Farm Innovations (EFI) ауылшаруашылық кәсіпорнының жетекшісі Қайрат Бисетаевтың айтуынша, компания жұмсақ бидайды тек бір рет — 2024 жылы — егіп, нәтижесіне көңілі толмаған. Барлық дақылдың ішінен тек сол ғана теріс рентабельділік көрсеткен. Сондықтан 2025 жылы кәсіпорын одан мүлдем бас тартып, тек қатты бидай егісін қалдырды.

«Ағымдағы маусымда қатты бидайды өткізуде мәселе болмайды деп ойлаймын. Иә, былтыр өнім жақсы болды, Канада мен Түркия тарапынан ұсыныс та жоғары еді. Еуропаның өзінде де өнім жаман болған жоқ», — деп нақтылады ол.

Сонымен қатар Бисетаевтың атап өтуінше, қуаңшылық Еуропа мен Түркиядағы өнімге қатты соққы берді. Бұл қазақстандық аграршыларға келешегі зор өткізу нарықтарын ашады.

«Экспорт туралы айтсақ, бізге, фермерлерге, Еуропа жаққа өте мұқият қарау керек. Өйткені біздің технологиямыз, климатымыз, тәжірибеміз химиялық жүктемесі аз өнім өсіруге мүмкіндік береді. Бұл — Еуропада бағаланатын дүние, ал ЕО нарығы — осындай өнім үшін ең маржиналды әрі ең дайын нарық», — деп қосты Бисетаев.

Отандық аграршылар үшін тағы бір соққы — қуаңшылықтан бидайдың өнімсіз қалуы болды. Жаздың қолайлы басталуы шілденің ортасындағы ыстыққа ұласып, өсімдіктердің өсуінің шешуші кезеңдерінде дамуын тоқтатты. elDala.kz дерегінше, ауа райының қолайсыздығынан жаңа агротехнологияларды енгізіп жатқан шаруашылықтардың өзі өнім көлемі мен сапасынан айырылды.

Biotix Engineering ауылшаруашылық компаниясының директоры Дамир Қалбыбаев аграршылар биыл бидай сатудан қандай пайда күтіп отырғанын айтты.

«Әрине, былтырғыдай тұқым өңдеуден 1-ге 13,5 теңге пайда алмаймыз, бірақ 1-ге 3 немесе 1-ге 4 міндетті түрде болады», — деді ол.

Қалбыбаев +35 градус ақылға сыймайтын аптап ыстыққа да, жауын-шашынның болмауына да топырақ та, өсімдіктердің өзі де шыдамағанын қорытты. Ыстықтан топырақтағы пайдалы бактериялар да қырылды.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда ыстықтан бидай өнімінің ең үлкен бөлігі қай өңірде күйіп кеткенін жазған болатын.