Қазақстан Қорғаныс министрлігі халыққа әскери колонналардың ел аумағында қозғалуына алаңдамауды сұрап, үндеу жасады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ведомствоның Telegram-арнасында тамыз және қыркүйек айларында Қазақстанда «Батыл тойтарыс - 2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтетіні хабарланды. Осыған байланысты ел аумағында қару-жарақ, әскери техника және жеке құрамды жауынгерлік даярлық іс-шаралары өтетін аудандарға жылжыту жүзеге асырылады.

«Әскерді тасымалдау аралас тәсілмен жүзеге асырылады: теміржол эшелондарымен, жалпы пайдаланымдағы жолдармен автомобиль колонналарымен, сондай-ақ фронттық және армиялық авиацияны пайдалану арқылы», — деп нақтылады ведомствода.

Атап өтілгендей, өткізіліп жатқан іс-шаралар жоспарлы сипатта және әскерлердің жауынгерлік даярлығын жетілдіруге, әскери басқару органдарының, әскер түрлері мен тектерінің, арнайы әскерлердің өзара іс-қимыл деңгейін арттыруға, сондай-ақ Қарулы күштерді қолданудың заманауи нысандары мен тәсілдерін пысықтауға бағытталған.

«Оқу-жаттығу барысында құрлықта, әуе кеңістігінде, теңізде және киберкеңістікте бірыңғай операциялық кеңістікте әскерлерді қолдану және ведомствоаралық өзара іс-қимылды ұйымдастыру мәселелері пысықталатын болады», — деп қосты министрлікте.

Осыған байланысты азаматтардан сабыр сақтауды, тек ресми ақпаратқа сүйенуді және тексерілмеген мәліметтерді таратпауды сұрайды.