Локомотив бригадасының машинисі болып жұмыс істеген Қазақстан азаматы қызметтік жағдайын және нысанды киімін пайдаланып, шетелдікті шекара арқылы заңсыз өткізгені үшін Ресейде нақты мерзімге сотталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ресейдің Омбы облысы соттарының баспасөз қызметі хабарлағандай, өңірде Қазақстан Республикасының 43 жастағы азаматына қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарылды. Ол Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінде көзделген «Алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобы жасаған, шетелдік азаматтардың Ресей Федерациясына заңсыз кіруін ұйымдастыру» қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

«Сот анықтағандай, «Ресей темір жолдары» ААҚ локомотив бригадасының машинисі қызметін атқарған айыпталушы П.Е. шетелдік азаматтың мемлекеттік шекарадан заңсыз өтуін ұйымдастыру мақсатында өзге тұлғалармен (оларға қатысты қылмыстық іс бөлек іс жүргізуге бөлінген) қылмыстық сөз байласуға түскен. Өз әрекеттері үшін айыпталушы және анықталмаған тұлғалар 100 мың рубль алған», — делінген хабарламада.

Сот деректеріне сәйкес, П.Е. қызметтік жағдайын пайдаланып, Ресей Федерациясының аумағына кіруі ресми түрде тыйым салынған шетелдік азаматты жүк пойызына кіргізуге мүмкіндік жасаған.

«Айыпталушы құқық бұзушыға пойыз бригадасы қызметкерінің нысанды киімін берген, бұл оның пойызда болу фактісін шекаралық бақылаудан жасыруға мүмкіндік берді. 2023 жылдың наурыз айында Омбы облысының Исилькуль ауданында шетелдік азамат пойыз бригадасы мүшесінің кейпінде Ресей-Қазақстан шекарасынан заңсыз өткен», — делінген сот хабарламасында.

Тергеумен ынтымақтастық туралы сотқа дейінгі келісімді, кінәні толық мойындауды және қылмыстық схеманың басқа қатысушыларын әшкерелеуге белсенді көмектескенін ескеріп, сот сотталған адамға жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеу үшін 2 жыл 5 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ. Сот тараптарға сот актісіне шағымдану мерзімі мен тәртібін түсіндірді.