Жапонияда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында ерлер арасындағы оқ атудан Қазақстан құрамасы командалық есепте үздік төрттікке кіре алмай, бесінші орында қалды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
«Кіші калибрлі винтовкамен 50 метр қашықтықтан үш қалыптан ату» жаттығуында ұлттық құрама сапында Ислам Сатпаев, Константин Малиновский және Никита Шахторин сынға түсті. Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар 1746 ұпай жинап, бесінші сатыға тұрақтады. Сондай-ақ олардың еншісінде ішкі ондыққа 79 тию бар.
Азиада чемпионы атанған Қытай құрамасы 1766 ұпай көрсетті. Күміс жүлдені Үндістан (1762) иеленсе, үздік үштікті Оңтүстік Корея (1751) түйіндеді.
Сонымен қатар оқ ату жарысына Валерий Рахимжан мен Валерия Попелова қатысты. Қазақстандықтар 10 метр қашықтықтан пневматикалық тапаншамен атудан аралас командалық турнирдің іріктеу кезеңінде өнер көрсетті. Іріктеу қорытындысы бойынша қазақстандық жұп 569 ұпай жинап, 13-орынға тұрақтады. Бұл нәтиже Рахимжан мен Попеловаға финалға шығуға мүмкіндік бермеді.


