Қазақстан алғаш рет қонақүйлері MICHELIN Key рейтингіне енген елдер қатарына қосылды: республиканың бес қонақүйі «Мишлен» бағалау жүйесіндегі үш «кілттің» біреуіне ие болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Аталған қонақүйлердің үшеуі Астанада, біреуі Алматыда, тағы біреуі «Шымбұлақ» тау шаңғы курортында орналасқан.

Тізімге Астанадағы The Veil Hotel енді. Қонақүй Есілдің оң жағалауында тұр және ерекше сәулетімен танымал. Ғимаратта мейрамханалар, шарап бутигі және SPA жұмыс істейді.

Рейтингке енген тағы бір қонақүй — The St. Regis Astana. Ол да Есіл жағасында, Орталық саябақтың жанында орналасқан.

The Ritz-Carlton, Astana Talan Towers кешенінде тұр. Қонақүйде 157 нөмір мен люкс бар, сондай-ақ SPA, бассейн, мейрамхана және бар жұмыс істейді.

Алматыда бір «кілтті» Esentai Tower ішіндегі The Ritz-Carlton, Almaty иеленді. «Мишлен» бағалауында қала мен Іле Алатауының көрінісі ерекше атап өтілген.

Бесінші қазақстандық қонақүй — Tenir Eco Hotel Shymbulak. Ол шамамен 3200 метр биіктікте орналасқан және он жеке нөмірден тұрады.

Michelin қонақүйлерінің жаһандық тізімі алғаш рет 2025 жылы жарияланды — оған әлем бойынша екі мыңнан астам орын енді. Орталық Азияда «кілт» алған локациялар саны бойынша Қазақстан көш бастап тұр. Өзбекстан гидте InterContinental Tashkent қонақүйімен белгіленді.

Бұған дейін Kursiv LifeStyle Tatler Best Kazakhstan 2026 тізімінде қандай қонақүйлер, мейрамханалар мен барлар аталғанын жазған болатын.