Қазақстанда тұтыну төлемдерінің жалпы көлеміндегі қолма-қол ақшаның үлесі 12%-ды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша республика әлемнің жетекші экономикаларымен іс жүзінде теңесіп, бірқатар дамушы нарықтардан озды. Мұндай деректерді «Fintech in Kazakhstan 2026» ұлттық жылдық зерттеуінің авторлары келтірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстан барлық тұтыну төлемінің 11%-ы қағаз ақшаға тиесілі АҚШ пен көрсеткіші 10% болатын Ұлыбританияға тым жақын орналасты.
Қолма-қол ақшаны ең аз пайдаланатын ел — Норвегия, онда небәрі 4%. Үздік үштікке банкнот пен монетаның үлесі 5%-дан келетін Қытай мен Швеция да кірді. Оңтүстік Кореяда бұл көрсеткіш 7% деңгейінде тұр. Сонымен қатар Қазақстан операциялар көлемінің 17%-ы әлі де қолма-қол есеп айырысуға тиесілі Бразилиядан айтарлықтай озып отыр.
Интернет- және мобильді банкинг ақшалай мәнде көш бастап тұр: жалпы транзакция көлемінің шамамен 80%-ын қамтамасыз етеді. Бұл — ірі есеп айырысулар жасаудың негізгі арнасы.
Ал QR-төлемдер чек сомасы аз күнделікті бөлшек сауда сатып алуларының басты құралына айналды. QR-транзакциялардың саны бойынша үлесі шамамен екі есе өсіп, жалпы операция көлемінің 10%-ын құрады. 2026 жылдың алғашқы бес айында QR-төлемдер айналымы $17 млрд-қа (8 трлн теңге) жетіп, екінші жыл қатарынан POS-терминалдар көрсеткішінен ($16 млрд / 7,5 трлн теңге) асып түсті.
«Fintech in Kazakhstan 2026» зерттеуін RISE Research агенттігі bcc hub, Fintech Center және Tarlan-мен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің қолдауымен дайындады. Талдау жасау барысында сарапшылар Ұлттық банктің статистикасы мен Worldpay Global Payments Report 2025 есебінің деректеріне сүйенді.
Есеп авторлары келтірілген сандар әдістеме айырмашылығына байланысты болжамды сипатта екенін нақтылайды: халықаралық статистика POS-терминалдар процессингінің деректері мен сауалнамаларды ескереді, ал қазақстандық көрсеткіш карта операцияларының жалпы құнындағы қолма-қол ақшасыз транзакциялардың үлесін білдіреді.
Бұған дейін «Курсив» Қазақстандағы қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі қолма-қол ақшамен жасалған мәмілелерден шамамен 9 есе көп екенін жазған болатын.


