2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда қолма-қолсыз төлемдер көлемі 5,4%-ға өсіп, 91,2 трлн теңгеге жетті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (АФК) деректеріне сәйкес, 2026 жылдың алты айында қолма-қолсыз төлемдер көлемі 91,2 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,4%-ға артқан. Нәтижесінде карталық транзакциялардың жалпы көлеміндегі қолма-қолсыз операциялардың үлесі 87%-дан 87,9%-ға дейін өсті.

Осы аяда банкоматтар арқылы қолма-қол ақша алу көлемі 2,8%-ға азайып, 12,6 трлн теңгеге түсті. Алу операцияларының саны 4,1%-ға кеміді, алайда орташа алу сомасы 1,3%-ға өсіп, 114,3 мың теңгені құрады.

Бір қызығы, қолма-қолсыз операциялар саны 6%-ға өсіп, 7 млрд-қа жетті, ал орташа чек, керісінше, 0,7%-ға азайып, 13,1 мың теңге болды. Сарапшылардың пікірінше, бұл қолма-қолсыз төлемдердің өсуі ең алдымен карталар мен басқа да төлем тәсілдерін жиі қолдану есебінен қамтамасыз етіліп отырғанын көрсетеді.

Қазақстандықтар QR-төлемдерді жиі таңдай бастады. Негізінен қолма-қолсыз төлем интернетте қолданылады – оған барлық айналымның 79% тиесілі. Дегенмен QR-төлемдердің үлесі 10,2%-дан 10,9%-ға, ал POS-терминалдар (кассада картамен төлеу) үлесі 9,6%-дан 10%-ға дейін біртіндеп өсуде. Еске салайық, шілде айынан бастап Қазақстанда банкаралық QR-төлемдердің бірыңғай жүйесі, сондай-ақ Банкаралық мобильді төлемдер жүйесінің сервисі толық көлемде жұмыс істей бастады. Бұл жаңашылдықтар азаматтардың қолма-қолсыз есеп айырысуға көшуін жеделдетуі мүмкін.