Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде қаза тапты деген ақпарат тараған мерзімдік әскери қызметтегі екі матрос тірі және қызметін жалғастырып жүр. Қазақстан Қорғаныс министрлігі олар оқу-жаттығу кезінде жағалауда міндет атқарғанын, қазір әскери бөлімде екенін мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Сөз мерзімдік әскери қызметтегі Ахметов пен Мағауия есімді матростар туралы болып отыр. Қорғаныс ведомствосы бұл әскери қызметшілердің 24 қыркүйектегі қайғылы оқиға кезінде қайда болғанын нақтылады.
«Мерзімдік әскери қызметтегі матростар Ахметов А.А. және Мағауия Ә.А. жағалауда оқу міндеттерін орындаған әскери қызметшілер тобына жатты. Қазіргі таңда аталған әскери қызметшілер әскери бөлім орналасқан жерде және күн тәртібіне сәйкес қызмет атқарып жүр», — деді Қорғаныс министрлігі.
Министрлік азаматтарды тексерілмеген деректерді таратпауға және тек ресми ақпаратқа сүйенуге шақырды.
Ведомствоның мәлімдемесі әлеуметтік желілерде пайдаланушылар 24 қыркүйектегі оқу-жаттығуға қатысы бар деп тұжырымдаған әскери қызметшілер тізімін талқылау аясында жасалды.
Атап айтқанда, Threads пайдаланушыларының бірі тізімнің суретін жариялап, әскери қызметшілердің тегіне қарсы қойылған белгілердегі сәйкессіздікке назар аударды.
«Бұл постты өшіруге мәжбүрлейтінін білмеймін, бірақ жазамын. Бұл — 24 қыркүйекте катерде болған әскери қызметшілердің тізімі. Бір қарағанда ерекше ештеңе жоқ, бірақ тізімде Гумаров Мансур «200» деп белгіленген, ал Ақжайық пен Олжасқа «белгісіз» деп қойылған. Алайда 24 қыркүйекте Ақжайық пен Олжастың денесі табылып, олардың қаза тапқаны белгілі болды, ал Мансур тек 25 қыркүйекте шамамен 09:15-те табылды. Сұрақ туындайды: денесі кейінірек табылған Мансурдың қаза тапқаны белгілі болып, ал бір күн бұрын табылған Ақжайық пен Олжастың мәртебесі белгісіз болып қалғаны қалай?» — деп жазды жарияланым авторы.
Бұған дейін «Курсив» Каспийдегі әскерилермен болған қайғылы оқиға туралы жалған ақпарат таратқандарды полиция жазалағанын жазған.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметші Каспий теңізіне ағытылып кетіп, олардың 14-і қаза тапты. Қайғылы оқиғаның мән-жайын вице-премьер Қанат Бозымбаев басқаратын арнайы үкіметтік комиссия тергеп жатыр.
Бұған дейін «Курсив» теңізшілердің қаза табуына қатысты іс бойынша Қазақстан Қорғаныс министрлігінің бес офицері ұсталғанын хабарлаған. Салақтық және кеме жүргізу ережелерін бұзу баптары бойынша қозғалған қылмыстық іс Бас прокуратураның ерекше бақылауында.
25 қыркүйек ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
27 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан теңізшілерді Бауыржан Момышұлы атындағы «Айбын» II дәрежелі және Рахимжан Қошқарбаев атындағы «Айбын» III дәрежелі ордендерімен қайтыс болғаннан кейін марапаттады. Тірі қалған үш әскери қызметшіні мемлекет басшысы «Ерлігі үшін» медалімен атап өтті.


