Қазақстанда қыркүйек айы жауын-шашынсыз, жылы, кейбір күндері тіпті ыстық болды — ауа температурасы климаттық нормадан 2–4 градусқа асып түсті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Қазгидромет» РМК Telegram-арнасында мәлімдегендей, мұндай жылы ауа райына Иран мен Орталық Азия аймақтарынан жылы ауа массаларының жиі келуі әсер етті. Қыркүйектің бірінші онкүндігінің соңында, сондай-ақ екінші және үшінші онкүндіктердің жекелеген күндерінде ел аумағының басым бөлігінде жазғыдай ыстық ауа райы байқалды: күндізгі ауа температурасы +27…+37°С-қа дейін көтерілді.
Бірқатар қалада температуралық рекордтар тіркелді. Мәселен, 10 қыркүйекте Жезқазғанда ауа +37°С-қа дейін жылынды — осы күні соңғы рет ең жоғары температура 2000 жылы тіркеліп, +33,8°С болған. 11 қыркүйекте Көкшетауда температура +32,5°С-қа дейін көтеріліп, 2007 жылғы рекордты (+30,3°С) жаңартты. 24 қыркүйекте Ақтауда ауа +34,2°С-қа жетіп, 2022 жылғы рекордты (30,1°С) басып озды.
Жаңбырға келетін болсақ, антициклондардың жиі өтуіне байланысты ауа райы аз жауын-шашынды болды. Батыс Қазақстан облысы, сондай-ақ елдің солтүстік-батыс және оңтүстік-батыс бөліктерінің жекелеген аудандары бұған ерекшелік болды — мұнда жауын-шашын климаттық нормадан көп түсті. Батыс Қазақстан облысында 7 қыркүйекте бір тәулікте екі айлық норма мөлшерінде жауын-шашын түсті — 43 мм (норма 27 мм), 8 қыркүйекте екі айлық норма — 47 мм (норма 24 мм). Маңғыстау облысында 9 қыркүйекте 14 мм жауын-шашын түсті (айлық норма 8 мм).
Астанада ай бойы орташа ауа температурасы +16,3°С болды, бұл нормадан (+12,6°С) 3,7 градусқа жоғары. Елордада ең жоғары ауа температурасы 10 қыркүйекте тіркеліп, +32,2°С болды, ең төменгісі 27 қыркүйекте — +2,6°С. Ай бойы жауын-шашын 2 мм түсті, бұл нормадан (21 мм) шамамен он есе аз.


