Қазақстаннан келетін көліктердің шекарадан өту уақыты айтарлықтай қысқаруы мүмкін: ресейлік парламентарийлер көлік құралдарын тексеруге нақты нормативтер белгілеуді ұсынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Юрий Григорьев өткізу пункттерінде жеңіл көліктер мен автобустарды тексеру уақытын үш минутпен, ал жүк көліктерін он минутпен шектеу туралы бастама көтерді. Оның айтуынша, шекарада ұзақ күту саяхатшылардың жайлылығына ғана емес, шекаралас аймақтардың экономикасы мен логистикасына да кері әсерін тигізуде.
«Жеңіл көліктер мен туристік автобустар үшін — үш минутқа дейін, жүк көліктері үшін — 10 минутқа дейін. Бұл жай тілек емес, қол жеткізуге болатын және қол жеткізуге тиіс нақты мақсат», — деп атап өтті депутат.
Рәсімдерді жылдамдату үшін Григорьев цифрлық сервистер мен биометриялық технологияларды белсендірек енгізуді ұсынып, әуежайлардағы бақылауды ұйымдастырумен салыстырды.
Сонымен қатар, шекара өткелдеріне баратын жолдарда көпфункционалды қызмет көрсету аймақтарын құру жоспарлануда, онда жеңіл және жүк көліктеріне арналған тұрақтар, медициналық пункттер, демалыс бөлмелері, кафелер мен асханалар, сондай-ақ душ кабиналары мен дәретханалар орналасады.
Парламентарий сондай-ақ қолданыстағы шекара өткелдерін жаңғыртып, оларды заманауи жабдықтармен жарақтандыруға шақырды.
Бұған дейін «Курсив» Қазақстан үкіметінің Ресеймен шекарадағы жағдайға араласқанын хабарлаған болатын.


