Қазақстанға келетін шетелдік туристер саны 15,7 млн адамға жетті. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі қазақстандықтарды Дүниежүзілік туризм күнімен құттықтай отырып хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Ведомствоның дерегінше, соңғы жылдары елдің туристік саласы қарқынды дамып келеді. 2019 жылдан 2025 жылға дейін ішкі туристер саны 6,6 млннан 8,6 млн адамға, ал шетелдік қонақтар саны 8,5 млннан 15,7 млн адамға өсті.
Туризм және спорт министрлігі туризм саласындағы заңнама үнемі жаңартылып отыратынын да атап өтті. 2026 жылы саланы қолдауға бағытталған бірқатар өзгеріс қабылданды: визит-орталықтардың құқықтық мәртебесі бекітіліп, гидтердің қызметі реттелді.
«Біздің алдымызда туристік инфрақұрылымды дамыту, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және Қазақстанның халықаралық туристік әлеуетін нығайту міндеттері тұр», — деді министрлікте жоспарларымен бөлісіп.
Еске салайық, енді гид, экскурсия жүргізуші немесе туризм нұсқаушысы болып жұмыс істеу үшін Қазақстан азаматтығы болуы және eLicense.kz арқылы құзыретті органдарға хабарлама жіберу қажет.
Сонымен қатар елде гидтердің мемлекеттік электрондық тізілімі әзірленді. Ол ведомствоның және «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ интернет-ресурстарында қолжетімді.
Бұған дейін «Курсив» Қазақстан АҚШ Мемлекеттік департаментінің бағалауы бойынша туристік тәуекелі ең төмен елдер санатына енгенін жазған болатын. Америкалық туристерге Қазақстанға сапар шеккенде әдеттегі сақтық шараларын ұстануға кеңес беріледі.


