Бастамашыл, белсенді әрі білімді жастарды қолдау, олардың кәсіби өсуіне жағдай жасау және ел дамуына қатысуы — Қазақстанның жастар саясатындағы басты бағыттардың бірі. Мұнда халықаралық білім тәжірибесін жинап, көшбасшылық қасиеттерін дамытып жүрген жас мамандардың орны ерекше. 2026 жылғы 16 қарашада Гарвард университетінің қазақстандық студенттері Джон Ф. Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебінің (Harvard Kennedy School, HKS) деканы, профессор Джереми Вайнштейнмен кездесті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Кездесуге Mid-Career Master in Public Administration (MC/MPA) магистрлік бағдарламасының студенттері Айнұр Тұқымова, Ардақ Қожатаева, Ержан Әбіш және Айдар Аққазынов қатысты.

Талқылаудың негізгі тақырыптары — жастардың көшбасшылық әлеуетін дамыту, Қазақстан мен АҚШ арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайту, халықаралық тәжірибе алмасу және қоғамдық өзгерістерге қатыса алатын жаңа буын мамандарын даярлау болды.

Қатысушылар декан Джереми Вайнштейн насихаттап жүрген Triple Fluency тұжырымдамасына ерекше назар аударды. Ол қазіргі технологиялық, қоғамдық және басқару процестерінде дұрыс бағдар ұстай алатын, алған білімін іс жүзінде қолданатын болашақ көшбасшыларды даярлауға бағытталған.

Сонымен қатар студенттер мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау мен жасанды интеллектіні жауапкершілікпен енгізуді талқылады. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, алгоритмдердің ашықтығы, дербес деректерді қорғау және мемлекеттік шешімдердің сапасын арттыру үшін жаңа технологияларды пайдалану жөнінде сөз қозғалды.

Жеке тақырып ретінде Қазақстан мен Гарвард университеті арасындағы ынтымақтастықты кеңейту қаралды. Қатысушылар академиялық алмасу, бірлескен зерттеулер, сарапшылық өзара іс-қимыл және қазақстандық студенттер мен жас мамандарды қолдау мүмкіндіктерін талқылады.

Мұндай кездесулер білім мен тәжірибе алмасуға, халықаралық байланыстарды нығайтуға және қазақстандық жастардың кәсіби әлеуетін дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашады. Жас мамандардың осындай бастамаларға қатысуы жаңа идеялар ұсынуға, азаматтық бастама танытуға және ел дамуына үлес қосуға дайын белсенді буынның қалыптасуына ықпал етеді.

Анықтама: Harvard Kennedy School — Гарвард университетінің көшбасшылар даярлауға, мемлекеттік саясатты зерттеуге және өзекті жаһандық сын-қатерлерге шешім іздеуге маманданған мемлекеттік басқару мектебі.