Қазақстанда жарақат кезінде көмек көрсету жүйесі кеңейтілуде. Денсаулық сақтау министрлігінің бағдарламасы өңірлерде травматологиялық орталықтар желісін кеңейтуді және трассалар мен туристік аймақтарда шұғыл көмекті күшейтуді көздейді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Министрліктің мәліметінше, елде травматологиялық орталықтар желісін 2027 жылға дейін құру жоспарлануда, сондай-ақ шокқа қарсы бөлімшелерді жаңарту көзделуде.

Мұндай орталықтар Астана, Алматы, Қарағанды және Балқаш қалаларында ашылған. Енді желіні кеңейту туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар, қабылдау бөлімшелеріндегі 210 шокқа қарсы кабинетті заманауи Trauma room-ға қайта жарақтандыру, автожолдардың қауіпті учаскелерінде 69 тірек медициналық пунктін және туристік аймақтарда 60 маусымдық медициналық пункт құру жоспарлануда.

«Жол-көлік, тұрмыстық және балалар жарақаттануының алдын алу жұмыстары күшейтіледі, сондай-ақ халыққа алғашқы көмек көрсету дағдыларын үйрету кеңейтіледі», – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта мамандандырылған көмекті 1,5 мыңнан астам травматолог-дәрігер көрсетеді. Республикада 81 травмпункт, 4 мыңнан астам мамандандырылған төсек-орын және 260 медициналық ұйым жұмыс істейді.

Бұған дейін «Курсив» Астанада жаңа балалар травмпункті ашылғаннан бері мыңдаған пациент қабылдағанын жазған болатын. Ағымдағы жылдың ақпан айында ашылғаннан кейін бес ай ішінде мұнда 6 740 кішкентай пациент қабылданды.

Одан бұрын Алматыда каникул кезінде белсенді демалысқа байланысты балалар жарақатының көбейетіні хабарланған. Балалар шұғыл медициналық көмек орталығының травматолог-ортопеді Бақыт Қожахановтың айтуынша, ол жұмыс істейтін травмпунктке күн сайын әртүрлі жарақатпен 300-ге дейін бала жүгінеді.