Қазақстан Ұлттық банкі қазақстандықтарға Қытайда, Үндістанда, Біріккен Араб Әмірліктерінде және тағы басқа бірқатар мемлекетте QR-код арқылы трансшекаралық төлем жасау мүмкіндігін іске қосуға дайындалып жатыр. Реттеушінің жоспары бойынша, бұл елдерде банк қосымшалары арқылы тауар мен қызмет үшін төлеу мүмкіндігі 2027 жылдың ортасына дейін пайда болады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұл туралы Central Asia Fintech Summit 2026 форумында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинур Жаленов айтты. Оның айтуынша, реттеуші қазақстандықтар үшін банк қосымшалары арқылы трансшекаралық төлемдерді әзірлеуді жалғастырып келеді.
«Бүгінде бірқатар бағыт бойынша нақты практикалық келісімдерге қол қойылды. Біз трансшекаралық төлемдерді пысықтап жатқан 11 еліміз бар. Олар — Қытай, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да мемлекеттер. Жыл соңына дейін қытай бағыты бойынша жүйе іс жүзінде жұмыс істей бастайды деп күтеміз. Қалған елдермен іске қосу кезең-кезеңімен жүреді, шамамен келесі жылдың ортасында басталады», – деді Жаленов.
Ұлттық банк басшысының орынбасары түсіндіргендей, қол жеткізілген келісімдер қазақстандықтарға шетелде тауар мен қызмет үшін өз банкінің қосымшасынан QR-кодты сканерлеп қана төлеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар өз кодын жасау мүмкіндігі пайда болады, осылайша бұл елдердің тұрғындары қазақстандықтарға ақша аудара алады.
Жаленовтың айтуынша, мұндай операциялар үшін комиссияны төлем жүргізілетін банктің өзі белгілейді.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары сондай-ақ барлық сауда нүктесі бірыңғай QR арқылы төлеуге арналған статикалық жапсырма кодтарды әлі ауыстырып үлгермегенін хабарлады. Ал терминал арқылы мұндай төлемді қабылдаудан бас тарту — заң бұзушылық.


