2026 жылдың басынан бері Қазақстанда желшешек ауруының 20 683 жағдайы тіркелді. Бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32,4%-ға аз. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлап, ел тұрғындарына осы ауруға байланысты ұсыныс жасады, деп жазады infohub.kz сайты.

Дәрігерлердің дерегінше, науқастардың жалпы санының 83,5%-ы 14 жасқа дейінгі балалар.

«Желшешек — негізінен ауа-тамшы жолымен таралатын жіті вирустық инфекциялық ауру. Негізгі белгілері — дене қызуының көтерілуі және қышынумен қатар жүретін тән көпіршікті бөртпе. Ауру көбінесе балаларда кездеседі және көп жағдайда жеңіл түрде өтеді. Алайда кейбір жағдайларда асқынулар дамуы мүмкін. Ауыр өту қаупі ересектерде, жүкті әйелдерде және иммунитеті әлсіреген адамдарда жоғары», — деп атап өтті комитетте.

Инфекцияның таралу қаупін азайту үшін желшешекпен ауырған адамдармен тығыз байланыстан аулақ болу, үй-жайды жиі желдету, белгілер пайда болғанда үйде қалу және айналасындағылармен байланысты шектеу, ал дене қызуы көтеріліп, тән бөртпе пайда болғанда медициналық көмекке жүгіну және дәрігерлердің ұсыныстарын ұстану қажет.

Дәрігерлердің айтуынша, белгілер пайда болғанда өзін-өзі емдеуге болмайды. Емдеу тактикасы мен кейінгі әрекеттер науқастың жағдайы мен медициналық маманның ұсыныстарын ескере отырып айқындалуы тиіс.