Қазақстанда кейбір аурулардың болуы жүргізуші куәлігінің қолданылуын тоқтатуға негіз болуы мүмкін. Алайда диагноздың өзі көлік жүргізуге автоматты түрде тыйым салмайды. Медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің №853 бұйрығымен бекітілген. Олар туралы мәліметтер ішкі істер органдарына жіберіледі, ал куәліктің қолданылуын тоқтату туралы түпкілікті шешімді сот қабылдайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Абсолютті қарсы көрсетілімдер қатарына кейбір ауыр психикалық бұзылыстар, эпилепсия, ахроматопсия және екі көздің соқырлығы енгізілген. Тізбеге сондай-ақ шизофрения, шизотиптік және сандырақтық бұзылыстар, ауыр немесе жиі асқынатын көріністері бар жекелеген созылмалы психикалық бұзылыстар, сондай-ақ ремиссия мерзімі екі жылдан аз болған кезде психоактивті заттарды қолдануға байланысты бұзылыстар кіргізілген.

Кейбір жағдайларда адам арнайы жабдықты пайдаланып немесе белгілі бір шарттарда көлік жүргізуді жалғастыра алады. Мысалы, аяқ-қол қызметі бұзылғанда қолмен басқарылатын көлікке рұқсат етіледі. Кейбір көру қабілетінің бұзылыстарында көзілдірік немесе контактілі линзамен жүргізуге рұқсат беріледі, ал есту қабілеті бұзылғанда есту аппаратын немесе басқа түзету құралын қолдануға жол ашылады.

Талаптар көлік құралының санатына қарай өзгешеленеді. Жеңіл және жүк автомобильдері, автобустар мен басқа да санаттар үшін шарттар бөлек: мәселен, C, CE, D, DE, C1, D1 және тағы басқа санаттарға көру қабілетіне қатысты неғұрлым қатаң талаптар қойылған. Атап айтқанда, бір көздің соқырлығы мұндай жүргізушілер үшін қарсы көрсетілім саналады. Вестибулярлық аппарат ауруларында, көру қабілетінің айқын бұзылыстарында, жүйке жүйесі зақымдануының кейбір салдарларында, есту қабілетінің бұзылыстарында және тірек-қимыл аппаратының мәселелерінде жекелеген шектеулер қарастырылған.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2026 жылдың басынан бері көлік жүргізу мүмкіндігіне әсер етуі мүмкін медициналық өзгерістер 21 мыңнан астам жүргізушіден анықталған. 13 мыңнан астам адамға қатысты полицейлер сотқа талап-арыз жолдаған. Күшіне енген шешімдер бойынша 7,4 мыңға жуық куәліктің қолданылуы тоқтатылған.

Денсаулық сақтау министрлігінде тек диагноздың болуына байланысты құқық автоматты түрде тоқтатылмайтынын бөлек атап өтті. Денсаулық жағдайы медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесіне кіріп, көлік жүргізу қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін болса ғана шектеу қоюға жол беріледі.

Бұған дейін Курсив Авто Қазақстанда жүргізуші куәлігіне емтиханды жекеменшік автодромдарда тапсыру ұсынылғанын хабарлаған.