Қазақстанда бас қаржы омбудсманы сайланды — ол Мария Хаджиева болды. Ол қоса атқарушы ретінде бағалы қағаздар нарығындағы қаржы омбудсманы қызметін де атқарады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 30 қыркүйекте қаржы омбудсманы қызметі кеңесінің отырысында бас қаржы омбудсманы және банк, микроқаржы, сақтандыру салалары мен бағалы қағаздар нарығындағы омбудсмандар сайланды.

Бас қаржы омбудсманы әрі бағалы қағаздар нарығындағы қаржы омбудсманы болып Мария Жамалқызы Хаджиева сайланды. Оның қаржы нарығын реттеу мен қадағалауда көпжылдық тәжірибесі бар. Әділет министрлігінде, Ұлттық Банкте және қаржылық қадағалау органдарында жұмыс істеген. 2019–2025 жылдары Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

Банк саласындағы қаржы омбудсманы болып Руслан Фархатұлы Ибрагимов сайланды. Ол заң және қаржы біліміне ие, банк секторындағы проблемалық қарыздармен жұмыс тәжірибесі бар. 2016 жылдан бері банк омбудсманы кеңсесінде қызмет етеді.

Микроқаржы саласындағы қаржы омбудсманы болып Назгүл Қарасқызы Естеусизова сайланды. Ол жоғары экономикалық және заң біліміне, заң ғылымдарының магистрі дәрежесіне ие. Банк секторында жұмыс істеген, Қазақстанның коллекторлар ұлттық палатасын және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі әлеуметтік жобаны басқарған. 2024 жылдың желтоқсанынан бастап микроқаржы омбудсманы болып келеді.

Сақтандыру саласындағы қаржы омбудсманы болып Қанат Төлегенұлы Алигулов сайланды. Ол экономикалық және заң біліміне ие, шығындарды реттеу және сақтандыру төлемдері бөлімшелерін басқару тәжірибесі бар. Сақтандыру компанияларында жұмыс істеген, сақтандыру жағдайларын реттеуді автоматтандыруға және цифрлық клиенттік сервистерді дамытуға қатысқан.

«Бірыңғай қаржы омбудсманы қызметі 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастайды. Ол қолданыстағы банк, микроқаржы және сақтандыру омбудсмандары институттарын біріктіріп, тұтынушыларды қорғау тетігін брокерлік қызметтерге де таратады. Қаржы омбудсманы қызметінің алдында қаржылық қызметтерді тұтынушылардың өтініштерін тиімді қарау, қаржылық өнімдер бойынша туындайтын дауларды сотқа дейін реттеу, сондай-ақ жеке тұлғалар болып табылатын қарыз алушылардың қарыздарын олардың қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып реттеуге жәрдемдесу міндеттері тұр», — делінген хабарламада.

Атап өтілгендей, қызметтің басым бағыттары процестерді цифрландыру, жеке және ұжымдық қарызды реттеуді дамыту, оның ішінде Finkelisim.kz ұжымдық қарызды реттеу платформасын пайдалану, сондай-ақ «Қарызсыз қоғам» жобасымен өзара іс-қимыл жасау болады.

Сонымен қатар қызметтің маңызды бағыты жүйелік проблемалар мен мінез-құлықтық қадағалау субъектілерінің қайталанатын тәжірибелерін анықтау үшін келіп түскен және қаралған өтініштерді талдау, сондай-ақ қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру жөніндегі тиісті ұсыныстарды дайындау болады.

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың өтініштерін қарау тегін жүзеге асырылады.

Еске салайық, 2025 жылдың қарашасында Қазақстанда банктер және банк қызметі туралы заң жобасы аясында бірыңғай қаржы омбудсманын енгізу қарастырылып жатқаны хабарланған болатын.