Қазақстанда есірткі қылмысына қатысты істер бойынша 69 кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 40 жасөспірім есірткі сатқаны үшін, 27-сі аса ірі мөлшерде сақтағаны үшін, тағы екеуі тыйым салынған заттарды жарнамалап, насихаттағаны үшін жауапқа тартылды. Ұсталғандардың арасында 52 ұл және 17 қыз бар.

Ведомство ата-аналар мен заңды өкілдерге балалардың мінез-құлқындағы өзгерістерді мұқият қадағалауды сұрап үндеу жасады. ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті басқармасының бастығы Бақытжан Әмірханов жасөспірімнің есірткінің заңсыз айналымына тартылғанын көрсетуі мүмкін белгілерді атады.

«Сізді әсіресе мыналар алаңдатуы тиіс: кенеттен ақша немесе қымбат заттардың пайда болуы, телефон мен хат-хабардағы жасырындық, түрлі нысандардың күмәнді скриншоттары», — деді Әмірханов.

Оның айтуынша, жасөспірімнен табылған орамалар, шағын пакеттер, изолента немесе электрондық таразы да жағдайға назар аударуға себеп болуы мүмкін. ІІМ өкілі ата-аналарға баланың бос уақытын қалай өткізетінін, мессенджерлерде кіммен сөйлесетінін және әлеуметтік желілерде кімге жазылғанын біліп отыруға кеңес берді.

Әмірханов есірткі қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталатынын еске салып, ата-аналарды балалардың құқықтық тәрбиесіне қатысуға шақырды.

Жаңа оқу жылының басынан бері полицейлер елдегі барлық дерлік мектептер мен өзге де оқу орындарында 16 мың профилактикалық іс-шара өткізді. Олардың 5 мыңнан астамы педагогтердің, психологтердің және нарколог дәрігерлердің қатысуымен өтті.

Бұған дейін «Курсив» Қарағандыда ер адамның Таиландтан есірткі жеткізуді ұйымдастырды деп күдікке ілінгенін жазған болатын. Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, ол бір сәлемдемені алу үшін таныс жасөспірімді тартып, жөнелтілімді оның атына рәсімдеген.