Қазақстанда бір орташа жалақыға шамамен 79 келі ірімшік сатып алуға болады — бұл Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің ішіндегі ең төмен көрсеткіш. Салыстырсақ: Беларусьте сол жалақыға 127 келі, Ресейде 120 келі ірімшік алуға болады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұған дейін Қазақстан ірімшік өндірісін арттырып, тіпті өнімнің бір бөлігін басқа елдерге экспорттайтыны хабарланған. Алайда халық үшін ірімшік өнімдері ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттерге қарағанда қымбатырақ болып шықты.
Еуразиялық экономикалық комиссияның мәліметінше, Қазақстанда бір орташа номиналды жалақыға 79 келі қатты, жұмсақ немесе ұйытқы ірімшік сатып алуға болады — бұл одақтағы ең төмен көрсеткіш.
Ірімшіктің қолжетімділігі бойынша көш бастаған — Беларусь: мұнда бір жалақыға 127 келі жетеді. Одан кейін Ресей тұр — 120 келі. Арменияда жалақы 116 келі, ал Қырғызстанда 92 келі ірімшік өнімін алуға мүмкіндік береді.
Сүт өнімдерінде де жағдай ұқсас. Бір жалақыға орташа қазақстандық 764 литр тұтас сүт сатып ала алады — бұл Қырғызстандағыдан (511 литр) көп, бірақ ЕАЭО-ның басқа елдерінен аз.
Мысалы, Беларусьте бір жалақыға 1 277 литр тұтас немесе шикі сүт алуға болады, ал Ресейде 1 181 литр. Арменияда ақша 848 литрге жетеді.
Ірімшік қазақстандықтар үшін ЕАЭО-ның басқа елдерінің халқына қарағанда қымбатырақ болып шыққан жалғыз өнім. Қалғанында республика бірқатар тауардың қолжетімділігі бойынша көш бастап тұр.
Мәселен, ел картоптың қолжетімділігі бойынша ерекшеленді: бір орташа номиналды жалақыға 1 737 келі жетеді. Салыстырсақ: картоппен жиі байланыстырылатын Беларусьте ақша 1 492 келіге ғана жетеді — бұл тіпті Ресейдегі көрсеткіштен (1 565 келі) де аз. Одан кейін Қырғызстан (1 133 келі) және Армения (740 келі) тұр.
Сондай-ақ Қазақстан халық үшін бірінші сортты бидай ұнының, макаронның, ақ қырыққабаттың, қызанақтың, сәбіздің және пияздың қолжетімділігі бойынша сөзсіз көш бастады.
Айта кетейік, ірімшікке қатысты ұқсас жағдай бұған дейін де байқалған. Мысалы, былтыр Қазақстан ірімшік өнімдерінің бағасы бойынша ТМД елдерінің барлығы дерлік дерлік асып түскені хабарланған. Онда «көшбасшы» позициясын Молдова иеленген.


