Қазақстанда дәріхана желісі арқылы 26 мыңнан астам тегін дәрілік препарат қорабының сатылғаны анықталды. 60-тан астам ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Үкіметте атап өткендей, цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесі әрбір препарат қорабының өндірушіден науқасқа дейінгі жолын бақылауға, сондай-ақ ел бойынша дәрі қорларын қадағалауға мүмкіндік береді.

«Цифрлық бақылаудың арқасында дәріхана желісі арқылы 26 мыңнан астам тегін дәрілік препарат қорабының сатылғаны анықталды. Анықталған фактілер бойынша 106 медициналық ұйым мен дәріханаға тексеру жүргізілді. 60-тан астам ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлдың жалпы сомасы 20 млн теңгеден асты. Алдын ала келтірілген шығын 36 млн теңгеден асады деп бағаланып отыр. Материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді», — деді Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов.

Айта кетейік, биылғы қыркүйектен бастап биологиялық белсенді қоспалар үшін де цифрлық таңбалау енгізілді, ал 2027 жылдан бастап ол медициналық мақсаттағы бұйымдарға да қолданылады.