Қазақстанда республикалық трассалардағы қозғалыс шектеулері енді ауа райы күрт нашарлағанға дейін 3-4 сағат бұрын енгізілуі мүмкін. Бұл тәртіп үкімет бекіткен ведомствоаралық өзара іс-қимыл жоспарында қарастырылған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының түсіндіруінше, жол қызметтері оқиғадан озып әрекет етуге міндетті: төтенше жағдай туындағаннан кейін емес, ол қозғалысқа қатысушыларға қауіп төндірер алдында.

«Егер „Қазгидрометтің“ болжамы ауа райының күрт нашарлайтынын көрсетсе, қозғалыс шектеуі қолайсыз құбылыстар басталғанға дейін 3-4 сағат бұрын енгізілуі мүмкін. Бұл халықты алдын ала ескертуге және жүргізушілерге жағдай күрт нашарлағанға дейін жол жүрісін аяқтауға мүмкіндік береді», — делінген хабарламада.

«ҚазАвтоЖолдың» ақпараттық жүйелері Яндекс, 2ГИС және inDrive платформаларымен біріктірілген. Республикалық трасса жабылған немесе ашылған кезде мәліметтер автоматты түрде жаңарып, маршрут құру кезінде сервистерде ескеріледі.

1403 байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Көп көлемдегі өтініштерді жедел өңдеу үшін жасанды интеллект технологиялары енгізілуде. Жыл басынан бері 1 млн-нан астам өтініш өңделді, деп қосты ұлттық компанияда.